Бүгiн 2026, 10:53 Фото: telegram.org/112 AQMOLA

Щучинскіде өртенген ғимарат бірнеше жыл бұрын дүкен болған – Бурабай ауданының әкімі

Аудан әкімі журналистерге оқиғаның мән-жайын баяндады.

Щучинск қаласындағы дәмханадағы өрттің аумағы – 80 шаршы метр. Зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Бұл туралы журналистерге Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әкімнің айтуынша, өртенген ғимарат 2022 жылға дейін дүкен ретінде пайдаланылған. Кейін меншік иелері нысанды қоғамдық тамақтану орнына бейімдеген.

Барлық қажетті құжаттар 2023 жылы рәсімделді. Дәмхана заңды негізде жұмыс істеген: тиісті рұқсат құжаттары, пайдалануға беру актісі және нысанды қабылдау актісі бар. Нысанның жалпы аумағы шамамен 300 шаршы метр, – деді аудан әкімі.

Еске салайық, Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан  жеті адам қаза тапты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.

26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.

Айта кетейік, Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ТЖД жанынан жедел желі ашылды.

Кейін жарылыстың бір куәгері әріптестерімен бірге зардап шеккендерге көмек көрсеткенін айтты.

Белгілі болғандай, Ақмола облысы Щучинск қаласы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған.