Щучинскіде базар өртеніп, бір адам қаза тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 18 мамыр сағат 04:50-де Ақмола облысы, Бурабай ауданының Щучинск қаласында «Жомарт» базарының бір қабатты жеке ғимараты өртеніп кетті. 

Өртті сөндіруге 97 өрт сөндіруші жіберілді, деп хабарлайды Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Өрттің жалпы аумағы 1700 шаршы метрді шарпыған. Ал ғимараттың жалпы ауданы 3000 ш.м. 45 минут ішінде өрт сөндірушілер өртті оқшаулап, жалынның таралуына жол бермеді. Осылайша екі сағат ішінде өртті толығымен сөндірді.

Өрт сөндіру барысында ер адамның денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша ол базардың күзетшісі болуы мүмкін. Қазір анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өрт орнында өрт-техникалық зертханасы, полицейлер жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге ТЖД 97 қызметкері мен 25 техника, жергілікті атқарушы органдардың үш қызметкері мен үш техникасы жұмылдырылды, - делінген хабарламада. 

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. Өрт болған жағдайда дереу 101 нөміріне қоңырау шалыңыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы