Қираған дәмхана. Қап-қара күйе басқан қабырғалар мен шағылып түскен терезелер жарылыстың ізін әлі сақтап тұрғандай. Қабырғадағы әрбір жарықшақ адамдар бастан өткерген үрейлі сәттерді еске салады.
Бүгiн 2026, 17:10
Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков
Щучинск жарылыс құрбандарын еске алуда: қайғылы оқиға орнынан екінші күн
Көше бойында күйік иісі әлі сезіледі.
26 ақпанда Щучинск қаласындағы "Центр плова" дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылды. Соның салдарынан жеті адам қаза тауып, 20-дан астам адам жарақат алды. Адамдар абыр-сабыр күйде сыртқа жүгіріп шыққан, жарылыстың екпінінен көрші үйлердің қабырғалары дірілдеген. Қала бір сәтке тына қалғандай болды.
Қалада болғанының екінші күні BAQ.KZ тілшісі тұрғындар жиі баратын сол дәмхананың орнына барып қайтты. Қираған ғимараттың көрінісі әлі де ауыр әсер қалдырады. Өрт ауыздықталғанымен, көше бойында күйік иісі әлі сейілмеген. Оқиға орнында өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері кезекшілігін жалғастырып жатыр. Ал қала тұрғындары қаза тапқандарды еске алып, олардың рухына тағзым етуде.
Балаларға арналған ойын алаңы. Кеше бұл жерде балалардың күлкісі естілсе, бүгін – күйіп кеткен құрылымдар мен меңіреу тыныштық қана.
Кіреберіс тұсқа қойылған гүлдер мен жұмсақ ойыншықтар. Адамдар оларды бір жерге жинап, естелік қабырғасын тұрғызғандай. Сол кішкентай ойыншықтардың өзі жұртқа үлкен қасіретті үнсіз жеткізіп тұрған іспетті.