СБЕР-ді емес, Корея мен Эстония жүйелерін енгізу керек – Бәйменов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы  Астана Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов цифрландыру мәселелері бойынша өңірлік конференцияның кулуарында айтты.

Орталық Азия мен Кавказ елдерінде цифрландыру саласында қандай тетіктер жетіспейтіні тұңғыш рет зерттелді. Осыдан екі жыл бұрын Корея үкіметімен келіссөз бастадық. Оның нәтижесінде Оңтүстік Корея 3 жылдық жобаны қаржыландыруға келісті. Осы елдердің мамандарынан сауалнама жүргізуді жөн көрдік,-деді Бәйменов.

Оның айтуынша, Корея мен Эстония сынды озық елдердің технологияларын енгізу керек.

Былтыр СБЕР-ге өту мәселесі көтерілгенде осыны бірнеше рет айттық. СБЕР-ді Ресей Үкіметі де енгізген жоқ. Оны емес, Корея мен Эстония тәжірибесін енгізу керек. Себебі олар арзан болып шығады. Екінші жағынан іс жағынан дәлелденген. Электронды үкімет қана емес, өзге де цифрландыру жобалары бойынша алға жылжыған,-деді ол.

Байменов елімізде озық үлгіні пайдалануға жол ашу керегін айтты.

Олардың ішінен өзімізге керегін іріктеп алуымыз керек. Ал басқа саяси, көршілік көзқараспен қымбатшылыққа ұрынып, нашар жүйені енгізіп қоймау керек. Белгілі жағдайға байланысты СБЕР болмайтын шығар деп ойлаймын. Себебі Корея мен Эстонияның жүйелері тұрғанда СБЕР деген артта қалған дүниені қымбатқа сатып алумен бірдей, - деді Әлихан Бәйменов.

Айта кетейік, шарада 7 мемлекеттің, оның ішінде Орталық Азия мен Кавказ елдері үкіметтері қызметіне инновацияларды енгізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы қажеттіліктерді анықтайтын зерттеу нәтижелері таныстырылып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы