Саздың сан алуан сыры

Саз балшықты шыр айналдырып ыдыс жасап отырған шеберді көрсеңіз қызығушылық танытып, таңданыспен қарайтыныңыз анық. Осы орайда қыш құмыра жасауды үлкен кәсіпке айналдырған ару қыз Биназир Сұлтанмен сұхбаттасқан едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

-Биназир ханым, мереке құтты болсын! Қыш құмыра жасау өнерін қашан меңгердіңіз? Мұны кәсіп түріне айналдырудың сыры неде?

-Қыш құмырамен айналысуды әкем үйреткен. Бастапқыда ойын баласы болғандықтан жай ойнап сол сазды ермек қылдым. Әкемнің бос уақытын көрмеппін. Теледидар көріп отырғанның өзінде қолы бос болмайтын. Үнемі саз балшықты ұстап, неше түрлі дүние жасап отырады. Уақытын өте тиімді пайдаланатын. Кішкентайымнан әкемнің осындай жұмыстарын көріп менің де қызығушылығым артты. Кейін сәулет өнері мамандығына оқуға түстім. Студент болған соң қосымша ақша да артық етпейді. Содан саз балшықты пайдалана бастадым. Солай кәсіпке айналып кетті. Сұраныс та  пайда бола бастады. Күнделікті уақыт бөліп жасайтын болсаң өсу, даму бар екен байқадым. Ресурст та жиналады екен. Бұл маған әкемнен келген сыйлық деп айтуға болады. Бір кездері басқа салаға кеткім де келген сәттер болды. Тіпті менсінбеген кездер де болды деп айта аламын. Бірақ қыш құмыра жасауға бір күш итермелеп тұрды.

-Құмыра жасаудың техникасы қалай? Қанша уақытты қажет етеді?

-Құмыра жасаудың техникасы негізі өте оңай. Елімізде көптеген қыш құмыра жасап жүрген жандарға, сондай-ақ мектептегі мұғалімдерге білгенімді үйреттім. Үйрету барысында тез үйрену техникасын өзім құрастырдым. Құмыра жасау техникасы негізі бірнеше техникадан тұрады. Тек соны үздіксіз қайталай беру керек. Солай тез үйреніп алуға болады. Уақытты қажет етеді. Бірақ ер адамдардың үйреніп алуы тез. Өйткені олардың қолында күш бар. Олар да құмыра жасауда әсер етеді. Ал бұлшық еттері әлсіз жандар бір ай, кейде тіпті бір жылда үйренеді. Жасау техникасын теория жүзінде жақсы біліп, тәжірибеде жүзеге асыра алмайтындар да болды. Жалпы қыш құмыраны кез келген адам жасай алады. 

-Қазіргі уақытта құмыра жасау өнерінің елімізде дамуы қалай?

 -Өзімнің байқағаным адамдардың қыш құмыра жасауға деген көзқарастары өзгерген. Осыдан он жыл бұрын осы іспен айналысып жүрген кезімде не үшін керек, Қытайдан алып келе салуға болмай ма деген сияқты көзқарас болды. Солай ақша тапқан тиімдірек дейтін. Бірақ бұл - өнер. Осы өнерді дамытқым келді. Уақытында өндіріспен де айналысқым келді. Бірақ ол қымбат болды. Алайда кейінгі үш жылда құмыра жасау өнері жақсы қалыптасып келе жатыр. Сұранысқа ие. Бұл өнерге адамдардың қызығушылығының артуы себеп болды. Сонымен қатар мен сияқты, менің шәкірттерім сияқты шеберлердің жақсы жұмыс істеуінде жақсы дамып жатыр деп айта аламын. Өнердің нағыз өнер екенін білгіңіз келсе, ол пайда алып келуі керек. Адамды қамтамасыз ету керек. Бұл өнерге жай ғана релакс ретінде  не болмаса уақыт өткізу үшін қарайтын зат емес. Бұл кәдімгі кәсіп болуы керек. Сондықтан мен қазіргі уақытта осы өнерге адамдарды қызықтыра алып жатырмын деп ойлаймын. Ақшалай да табыс бар. Кейде осы құмыра жасауды арнайы іздеп келетін адамдар бар. Нәтижеге жету үшін сенімділік қажет. Бұл салаға сұраныс көбейген сайын қазір уақыт та жоқ. Идея көп! Мемлекетіміз де бұл саланы қолдап жатыр. Мүмкіндіктер де көбейген. 

-Өз шеберханаңыз бар? Шәкірт тәрбиелейтін шығарсыз?

-Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп оқитын оқушыларым өте көп. Барлық сұрақтарына толықтай жауап беруге тырысамын. Қазіргі таңда екі мектебіміз бар. Бірі шеберхана болса, біреуі мектеп . Балалар оқып жатыр. Ұстаздарымыз сабақ береді. Өзім де тапсырыстар қабылдаймын. Бұрындары кез келген ұсынысты қабылдайтынбыз. Ал қазір таңдаймыз. Өткені уақыт тығыз. Оның үстіне өз бағамызды да ұсына алатындай дәрежеге жеттік. Бұған жету үшін көп екбектендім. Сондықтан орынды деп ойлаймын.

-Саз балшықты қайдан аласыз? Өңдеу қалай жүреді?

-Саз балшықты жазда дайындап алып, қыстыгүні сонымен жұмыс істейміз. Көп өнім жасайтын болғандықтан көп мөлшерде саз керек болады. Балалар да қиналмай емін еркін жұмыс істеуі үшін саз да жеткілікті болу керек. Сондықтан барлық мұүмкіндікті жасауға тырысамыз. Сазды өзіміз өндіреміз. Сапасын, сортын жақсы білеміз. Сондай деңгейге жеткенімізге қуаныштымын! 

-Қыш құмыра жасау бойынша арнайы жарыстар мен байқаулар ұйымдастырылады ма? Қатысып тұрасыз ба?

-Иә, байқаулар өте көп. Көрмелерге жиі шақырады. Барып тұрамыз. Шеберлік сағатын жиі ұйымдастырып тұрады. Кейде уақытымыз тығыз болып қатыса алмай қалатын кездеріміз де болады. Кәсіпке айналдырғандықтан табыс табу жағына көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Бірақ алдағы уақытта шеберлер жиналып, өзіміздің байқауды ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Жастарды ынталандыруымыз керек. Оларға да мүмкіндіктер беру қажет деп ойлаймын.

-Гончарлық өнерді денсаулыққа пайдалы деп жатады? Қай жағынан?

-Бұл өнердің денсаулыққа пайдасы өте көп. Мінезге де оң әсерін тигізеді. Сабыр сақтауға, адам психологиясына да пайдасы зор.  Жұмысты істеп жатқан кезде керемет әсер алады. Әсіресе әйел адамдарға пайдалы. Жүрек энергиясы ашылады.Саздың сыры көп! 

 Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Биназир Сұлтанның жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы