Сайыров министрлерді депутаттармен бірге өңірлерді аралауға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген мәселелерін негізге алып, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

Депутат Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы еліміздегі кедейшілік мәселесіне баса назар аударғанын еске салды.

Президент Үкімет мүшелеріне азаматтарымыздың көпшілігінің әлеуметтік жағдайын арттыру бағытында жедел қадам жасауға тапсырма берді. Еліміздің тарихында халқымыздың кедейлік  жағдайы Мемлекет басшысы деңгейінде бірінші рет көтеріліп отыр. Яғни қоғамды, азаматтарды, аталған мәселе бойынша ашық, шынайы әңгімеге шақырып отыр деген сөз, - деді ол.

Сайыровтың сөзінше, халқымыздың  басым көпшілігінің әлеуметтік жағдайының төмендігі еліміздің тұрақты дамуының негізгі тежегіші болып отыр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы 11 қаңтарда Парламентте сөйлеген сөзінде де  Үкіметке халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту, азаматтардың әл-ауқатын жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берген. Бір ай өтті. Үкімет өз деңгейінде жұмыс істеп жатқан болар. Бірақ Үкіметтің іс-әрекеттері халыққа түсінікті, ашық, қадамдары азаматтармен тығыз байланыста болуы шарт. Алдыңғы Үкіметтің басты проблемасы өздерінің іс-қадамдарының логикасын, бағыт-бағдарын елге, қоғамға түсіндіре алмады, жабық стильде жұмыс істеді. Арты неге соқтырғанын бәріміз жақсы білеміз, - дейді Мәжіліс депутаты.

Ерлан Сайыров тарихтан сабақ алатын уақыт жеткенін айтты.

Мәжілісмен Үкімет басшысынан  Мәжіліске Президент берген келесі тапсырмалар бойынша есеп беруді сұрады.

Кедейшілікпен күрес, жұмыссыздық, кіші және орта бизнес мәселесі, сыртқа заңсыз кеткен капиталды қайтару проблемасы, «Самұрық-Қазынаны»  реформалау, ӨКМ-ты оңтайландыру мәселелері бойынша есеп бергендеріңіз абзал. Халық, қоғам  Президент тапсырмаларының қалай орындалып  жатқандығы, қандай жоспар бар,  тапсырманы орындауда қандай қиындықтар бар екендігі жөнінде ашық, бүкпесіз хабардар болуы қажет, - деп айтты ол.

Ол Үкіметке депутаттармен бірге облыс, аудандарды аралауды ұсынды.

Халықпен бірге ақылдасайық. Шешімдерді азаматтармен бірге қабылдайық. «Жаңа Қазақстан» философиясы ашық диалогты, шынайы дискуссияны талап етеді. Халықтың мәселесі тыныш кабинет шеңберінде  емес, қоғаммен бірлесіп талқыланып, шешілуі тиіс, - дейді депутат сауалында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы