Сайын Мұратбековтың шығармалары ағылшын тілінде жарық көрді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ әдебиетінің классигі Сайын Мұратбековтың әңгімелер жинағы «THE CROSSING AND OTHER STORIES» тақырыбымен басылып шықты.
Жинақты ағылшын тіліне аудару және Лондонда басып шығару тікелей Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және халықаралық Қазақ «ПЕН» клубы жұмысының арқасында жүзеге асырылған.
Жиын барысында Қазақ «ПЕН» клубының президенті Бигелді Ғабдуллин өз әдебиетімізді насихаттамасақ, ешкім оны жасамайды деген ойын жеткізді.
Осыдан 5-6 жыл бұрын қазақ классиктерін ағылшын әлеміне жеткізсем деген мақсат қойған едім. Насихат жұмысы Қазақ «ПЕН» клубы міндетінің бірі. «Біз – қазақтар... Қазақ әдебиетінің классикасы» деген бағдарлама аясында АҚШ, Англияда оннан астам қазақ классигін шығардым. Бүгін Сайын Мұратбековтың шығармалары ағылшын тілінде жарық көріп отыр. Жазушы қазақ әдебиетіне ғана емес, өнеріне де үлкен қызмет еткен адам, - дейді ол.
Сонымен қатар ол жазушының шығармаларын ағылшын тіліне аударып, Лондонда басу оңайға соқпағанын атап өтті.
Біраз жыл демеушілер іздедім. Алматы әкімдігінің Мәдениет басқармасы үлкен қолдау көрсетті. Біз негізінен ағылшын әлеміне қандай шығармалар керегін саралап алдық. Кітапты Саймен Холинсфорд есімді аудармашы қазақ тілінен тікелей ағылшыншаға тәжімалады. Кейін пандемия басталып, Англиядағы типографияның барлығы жабылып қалды. Дегенмен өткен жылдың соңында кітап Лондоннан жеткізілді, - деді ол.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев жазушыларға үлкен қолдау көрсетіп келе жатқандарын айтты.
2020 жылы отандық жазушыларды қолдау мақсатында Алматы қаласының әкімдігі 26 қазақстандық жазушының 60 мыңнан астам кітабын шығарды және қаланың кітапханалары үшін 93 автордың 17 мың кітабын сатып алдық. Осы жылы Жазушылар одағымен бірлесіп тағы 51 жазушының кітабын шығаруды қолға алып отырмыз. Бұл басқа облыстарға да үлгі болады деген ойдамыз, - деді Майлыбаев.
Жиын барысында жазушының ұлы мен қызына кітаптар табысталды.
Жазушының алғашқы шығармалары 50-жылдардың аяғында жариялана бастаған. Содан бергі уақытта әңгімелері мен повестерінің «Менің қарындасым», «Ауыл оты», «Көкорай», «Отау үй», «Жабайы алма», «Дос іздеп жүрмін» жинақтары, «Ескек жел» атты әңгімелер жинағы жарық көрген.