Сайрамда ерте келген сайлаушылар сыйлыққа ие болды

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Оңтүстік өңірдегі Сайрам ауданында бұған дейін ауыл әкім­дері жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депуттарының ше­шімі арқылы сайланып келген болатын. 

Бүгінгі өтіп жатқан сайлауда жергілікті тұрғындар бірінші рет өз таңдауын жасап, қалаған үміткеріне дауыс беріп жатыр.

Құтарыс ауылдық округінің сайлаушылары дауыс беруге таңертеңнен бастап ерте келді. Сол себепті алғашқы келген 5 сайлаушыға сыйлық берілді.

Айта кетсек, Құтарыс ауылдық округінің халық саны – 5725, Сайлаушылар саны - 2784. Сайлау учаскелер саны - 4.  

Мұнда ауыл округі әкімдігіне жалпы 5 үміткер құжаттарын тапсырған. Бесеуі де өзін-өзі ұсынған азаматтар. Бір үміткердің құжаттары біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты кері қайтарылған, екі үміткер отбасылық жағдайына байланысты құжаттарын кері қайтарып алыпты. 


Сонымен ауылдық округі әкімдігіне 2 үміткер де өзін-өзі ұсыну тәртібімен додаға түсуде. 


587 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Манакүл Байғараева қазірге дейін 1308 сайлаушы дауыс бергенін айтып өтті. 

Бүгін 25 шілде күні алғаш рет Қазақстан бойынша ауыл әкімдерін тікелей сайлауы өтіп жатыр. Таңнан бастап халық өзінің белгіленген  учаскесіне келіп өз дауысын беруде. Халықтың көңіл-күйі жақсы. Бұл жолғы сайлаудың басты артықшылығы – халықтың тікелей сайлау арқылы жұмыс атқаруға қабілеті толық жететін, өңірдің басты мәселелерін жетік білетін азаматтарды таңдау мүмкіндігіне ие болуы, - деді Манакүл Байғараева. 


Дәл қазір Сайрам ауданы бойынша үш ауылдық округтегі 12 сайлау учаскесінде дауыс беру процесі жүріп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы