Сайлаушылардың тізімі тіркелген жері бойынша жасалады
Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асанова мен аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Айгүл Қалықова 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауына мегаполистегі дайындық қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін нақтылау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Заңда бізде мынадай тармақ бар: егер азамат дауыс беру күніне кем дегенде 30 күн қалғанда дауыс беру күні сайлау учаскесіне келе алмайтыны белгілі болса, сайлау күні нақты болатын орны бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу үшін жергілікті әкімдікке өтінішпен жүгінуге құқылы. Тұрақты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығарылып, жаңа учаскеге тіркеледі, – деді Айгүл Қалықова.
Сайлаушылардың тізімдері тіркеу фактісі бойынша, басқаша айтқанда тіркелген жері бойынша жасалады.
Бұл дауыс беру құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өте маңызды әрекеттер. Сондай-ақ, сайлау учаскесіне келген кезде сіз басқа жерде тіркелгендіктен тізімде болмай қалу секілді күтпеген ситуациялардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Жанна Асанова.
Сайлау учаскелері сайлау күніне 20 күн қалғанда ашылады. Олардың орналасқан жері БАҚ беттерінде жарияланады.
Алматыда президенттік сайлауды өткізуге 600 учаскелік сайлау комиссиясы мен 5 мыңнан астам адам қызметкер тартылған. Сондай-ақ 8 аудандық және 1 қалалық комиссия жұмыс істейды.