Сайлауға түсетін жасы, кәрісі және әйелі көп партиялар қайсысы?

Бұл туралы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты сарапшысы Ермек Тоқтаров зерттеп көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ол алдымен әлеуметтік желідегі парақшасында талдауының әдістемесі туралы айтып өтті. 

Мен ОСК-ның партиялық тізімдерді тіркеу туралы қаулыларының қосымшаларындағы тізімдерді негізге алдым. Олар үміткерлердің толық аты-жөнін, туған жылы мен жұмыс орнын ғана көрсеткен. Үміткерлердің жасын 2023 жыл мен туған жылдары арасындағы айырмашылық ретінде қарастырдым. Осыған байланысты орташа жас көрсеткіші ОСК көрсеткішінен ерекшеленеді, - деді ол.

Сондай-ақ сарапшы жасқа қатысты маңызды ескертпе барын жеткізді. 

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға жастардың жасын 35 жасқа дейін ұлғайтуға қатысты өзгерту 1 наурызда күшіне енеді. Сондықтан бұл сайлаудағы «жастар квотасына» 29 жасқа толмаған кандидаттар кіреді, - деді Тоқтаров.

Оның зерттеуінше, сайлаудағы «ең жас» партия – Respublica. 

Respublica партиясында 29 жасқа дейінгі үміткерлердің үлесі 13%-ды құрайды. Бұл ретте жастарды тек қыздар (3-тен 3) ұсынады. Партияның орташа жасы – 38 жас. «Жастар» жасын 35 жасқа дейін ұлғайту нормасы күшіне енгеннен кейін «ең жас» партия «Ауыл» болады, онда үміткерлердің 36 пайызы 35 жасқа дейінгілер, - деді ол. 

Сарапшының айтуынша, сайлаудағы «ең кәрі» партия – Қазақстан коммунистік партиясы. Орташа жасы – 52 жас. Одан кейінгі орындарда Amanat (47 жас) пен «Ақ жол» (45,5 жас).

Үшіншіден, сайлаудағы әйелдер үлесі ең көп партия – Respublica. Мұнда Мәжіліс депутаттығына кандидаттар арасында әйелдердің үлесі 34,8 пайызды құрайды. Алайда партияда бар болғаны 8 әйел бар, бұл Amanat-тан (26 әйел) 3 есеге дерлік, ал ҚКП (15 әйел) мен «Ақ жол» (15 әйел) партиясынан 2 есеге дерлік аз, - деді сарапшы. 

Ермек Тоқтаров, жалпы алғанда, партиялардағы әйелдер мен жастар үлесі квотаны жабу үшін тура 30%-ды құрайтынын айтады. 

Бірақ әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандардың үлесі міндетті көрсеткіштен көбірек болуға болатын еді, - дейді маман. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы