21 Тамыз 2026, 15:17 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Сайлауға дайындық: 71 мыңнан астам комиссия мүшесі оқытылды

Қазақстан бойынша барлығы 7 570 семинар өткізіліп, 71 270 сайлау комиссиясының мүшесі оқытумен қамтылған.

Қазақстанда сайлау комиссияларының мүшелерін даярлау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында Шавкат Өтемісов баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ел бойынша барлығы 7 570 семинар өткізіліп, 71 270 сайлау комиссиясының мүшесі оқытумен қамтылған.

Комиссия мүшелерінің практикалық дайындығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы оқу-әдістемелік кешен және дауыс беру күні атқарылатын жұмыстар туралы оқыту фильмі әзірленіп, өңірлерге жолданған.

Сайлау комиссиялары мүшелерінің білімін тексеру үшін олардың барлығы қашықтан тестілеуден өтіп, тиісті сертификаттар алған.

Сонымен қатар 4-17 тамыз аралығында Орталық сайлау комиссиясының өкілдері барлық өңірге инспекциялық сапармен шыққан. Олар оқыту семинарларына қатысып, тестілеу арқылы комиссия мүшелерінің дайындық деңгейін тексерген.

Шавкат Өтемісовтің мәліметінше, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар және сайлау процесіне басқа да қатысушылардың өкілдері үшін де ақпараттық-түсіндіру және оқыту жұмыстары жүргізілген. Жалпы 1 111 іс-шара өткізіліп, 23 323 адам қамтылды.

Оқыту барысында дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу тәртібі, сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, дауыстарды санау тәртібі және сайлауды өткізуге қатысты өзге де мәселелер түсіндірілген.