Сайлауға дайындық жүйелі жүргізілді – саяси сарапшы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» Қаулысына қатысты пікір білдірді.
2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген парламенттік сайлау күні ҚР Конституциясына сәйкес болатын кезекті саяси науқанға ресми бастама болады. 2019 жылғы 9 маусымда өткен президенттік сайлаудан бері қоғамда кезектен тыс парламенттік сайлау мерзіміне байланысты түрлі болжамдардың орын алғаны белгілі. Оған себеп тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихында болған 7 сайлаудың бесеуі кезектен тыс тәртіпте өткендігі. Оны халықтың қалыпты жағдай ретінде қабылдауы, - дейді саяси сарапшы.
Оның ойынша, алдағы уақытқа жоспарланған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын, оның ішінде 2007 жылғы конституциялық реформаларға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутатты 2021 жылғы 11 қаңтарда ҚР Конституциясының және «ҚР сайлау туралы» Заңының барлық нормасы мен тиісті баптарына сәйкес кезекті сайлау мерзімі елімізде жүргізіліп жатқан саяси модернизацияның айқын көрінісі.
Заң талаптарына қарасақ, кезекті Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау күні қазіргі іс басындағы депутаттардың өкілеттілігі аяқталғанға дейін 5 ай бұрын белгіленіп, 2 ай бұрын өткізілуі тиіс, - дейді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейінгі парламенттік сайлау 2016 жылдың 20 наурызында өткізілген болатын. Оған 6 саяси партия қатысып, 3 партия 7 пайыздық межені өткен – Nur Otan партиясы (82,15 %), «Ақ жол» демократиялық партиясы (7,18 %), Қазақстан халықтық коммунистік партиясы (7,14 %).
Биылғы сайлау науқанына дайындық жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Оған дәлел биылғы жылдың мамырында қабылданған «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңына енгізілген толықтырулар бойынша сайлауға қатысу квотасының әйелдер мен жастар үшін 30% болып белгіленуі. Бұл жағымды үрдіс Nur Otan партиясының праймеризін өткізу барысында айқын көрініс тапты. Мысалы праймеризге қатысуға тіркелгендердің 29%-ы 35 жасқа дейінгі жастар болды. Сонымен қатар Nur Otan партиясының праймериз өткізу бастамасы саяси науқанға партияның жоғары белсенділікпен және асқан жауапкершілікпен келгендігін байқатады, - дейді сарапшы.
Праймериз барысында партия мүшелері жаңа тың идеяларды сараптауға, саяси алаңға жас толқынды тартуға мүмкіндіктерін арттырды.
Бұл үрдіс Қазақстанның басқа да саяси партияларына серпіліс болары анық. 2021 жылғы 10 қаңтарға жоспарлан парламенттік сайлаудың тағы бір ерекшелігі – оның бүкіл жер шарын шарпыған пандемия кезеңінде өткізілуі. Бұл өз кезегінде саяси институттардан, мемлекеттік органдардан, қоғамнан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дегенмен, орын алған жағдайларға қарамастан, әлемнің барлық мемлекетінде жоспарға сай сайлаулар өткізіліп келеді. Біздің мақсат – соларды терең сараптап, жіті бақылап, озық үлгілерін барынша өз тәжірибемізге енгізу, - дейді Әсел Назарбетова.