Сайлауға азаматтардың 9% қатысты

Батыс Қазақстан облысында өткен 6 ауыл, 1 кент және 1 қала әкімі сайлауында ең төмен белсенділік Бөрлі ауданы Ақсай қаласында тіркелді. Шағын шаһарда 27923 сайлаушы тіркелсе, соның тек 2517-сі, яғни 9,01% ғана сайлауға қатысқан. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Бөрлі ауданының аумақтық сайлау комиссиясы хабарлайды. 

Дауыс берген азаматтардың 1362-сі, яғни 54,11% бұған дейін де қала әкімі қызметін атқарған 43 жастағы Баяндықов Арсен Толқынұлының кандидатурасын қолдаса, Ғабидуллин Ізбасар Сағынғалиұлына 326 сайлаушы, Утепбергенов Аблай Ғарифоллаұлына 558 сайлаушы дауыс берген. 

Ал Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентінің әкімі сайлауында Неғметов Аманбай Ұзақбайұлы өз бәсекелестерін айқын басымдылықпен жеңді. Сайлауға сайлаушылардың 45,3% қатысып, соның 84% кенттің қазіргі әкімін жақтаған. 

Ауылдық округ әкімдерін сайлау қорытындысына келсек, Шыңғырлау ауданы Ақшат ауылында 1971 жылы туған Айшуақов Ерлан Мәлікұлы ауыл әкімі боп сайланды. 

Тасқала ауданы Мереке ауылында 42 жастағы ауыл тұрғыны Нарыков Мэлс Жасанғалиұлы жеңіске жетті. Ол сайлаушылардың 57,2% даусына ие болған. 

Ал Тасқала ауылы Мерей ауылдық округінде тұрғындардың 94,2% «AMANAT»партиясы атынан саяси додаға түскен Насимуллин Орынбек Жамбылұлына қолдаған. 

Казталов ауданы Қайыңды ауылдық округінде бұған дейін де аталған ауыл әкімі қызметін атқарған 37 жастағы Губашев Айбол Сағидуллаұлы қайта сайланды. 

Жәнібек ауданы Тау ауылдық округінде Мизамбаев Нұртілек Ниетбайұлы жеңіске жетті. 1989 жылы туған азамат бұған дейін аудандық мектептен тыс жұмыс орталығында қызмет атқарған. 

Бәйтерек ауданы Сұлукөл ауылдық округінде 44 жастағы Койшибаев Жасулан Чарлизулы ауыл әкімі боп қайта сайланды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы