Сайлаудың арқасында билік халықтың мұң-мұқтажымен танысады – саясаттанушы
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Насихат жұмыстары басталды, кандидаттар аймақтарды аралауға кірісіп кетті. Қоғаммен қарым-қатынас орнатылып жатыр. Бастысы осы сайлаудың арқасында билік халықтың мұң-мұқтажымен танысатын болады. Бұл туралы саясаттанушы Асқар Нұрша Сайлау-2019 сараптамалық отырысында айтты.
Оның айтуынша, үгіт-насихат жұмыстары басталғалы барлық үміткер өздерінің бағдарламаларын жариялаған. Оның ішінде саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелер бар."Талдаудың нәтижесіне көз жүгіртсек, барлық кандидаттың көзқарастары әртүрлі. Оның ішінде оңшылдар мен солшылдардың жақтастары да бар. Жалпы сайлау динамикалық жағдайда біз күткендегіден қызықты өтіп жатыр. Бұған дейінгі сайлауларда Елбасы басым дауысқа ие болып келді. Бастапқыда "осы жолы да сондай болады" деп күткенбіз. Қазір бас партияның өкілі фаворит екені белгілі, дегенмен бұрынғыдай 90% жинамайды, біздің пайымымызша 60%-дың төңірегінде болады. Мәселе қалған 30-40%-ды кім алатынында болып тұр. Дауыс қалған кандидаттардың арасында қалай бөлінетіні қызық. Бұл да үлкен бәсекелестік. Бұл жерде жеке тұлғалар ғана емес, олардың бағдарламалары, сайлауалды штабы не істей алатынында және олар сайлауда қандай нәтиже көрсете алатынына байланысты", - дейді саясаттанушы.
Сонымен қатар, ол сайлауда әлеуметтік мәселелер басымдыққа ие болып отырғанын жеткізді. Осы сұрақтар қоғам үшін өте өзекті. Екіншіден, әр кандидаттың әлеуметтік мәселені шешудегі бастамалары әртүрлі көрінеді.
"Бұл жерде кандидаттың бұған дейінгі тәжірибесі байқалып қалуда. Кейде тәжірибенің жоқтығы да көрініп қалады. Өйткені олардың ұсынып отырған ұсынысынан адамның бұл мәселеге қалай қарайтыны көрініп тұр. Тоқаевты алатын болсақ, онда қадамдық ұсыныстар жасалған, мәселені шешудегі бастамалар көтерілген. Басқа кандидаттардың да жақсы мәселелерді көтеріп, шешу жолын ұсынған. Бұл сайлаудың тиімділігі сол бастамаларды, идеяларды одан әрі жандандыруды қолға алу қажет", - дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Елордада Ататүріктің "Жолдауы" таныстырылды
Келесі жаңалық
Елордалық өрт сөндірушілер жанып жатқан көлікті сөндірді
Өзгелердің жаңалығы