Сайлаудың қаншалықты әділ өтетінін өз көзіммен көргім келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Серіктестік департаментінің директоры Расул Медетов праймеризге қатысу туралы шешімге қалай келгенін айтып берді. 

Праймериз туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден оқып білдім. Жанымдағы азаматтармен ақылдастым, білімімді, бірқатар өңірде қызмет еткен, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеген тәжірибемді ескере отырып, «халыққа пайдам тиіп жатса, неге өкілді Парламентке барып, халыққа қызмет етпеске?!» деген ой келді. Екіншіден, осы сайлауға қатысып, оның қаншалықты әділ өтетінін өз көзіммен көргім келді. Жалпы, азаматтарға сайлауға өз күшімен қатысып, мәреге заңды түрде әділ жете ме, жоқ па деген сұраққа жауап алғым келді, - дейді ол.

Расул Медетов праймеризде қазақ тілінің қолданылу мәселесіне де тоқталды. 
Мемлекет үшін, қоғам үшін қызмет істеймін деген азамат міндетті түрде қазақ тілін білуі керек. Жалпы, қоғам тарапынан мемлекеттік қызметшілерге «қазақ тілін білмейтін азаматтар көп, сұрақтарымызға дұрыс жауап бермейді, ойын дұрыс жеткізе алмайды» деген бағытта айтылар сын көп. Сондықтан, қазақ тіліндегі пікір-сайыстардың болғаны дұрыс. Бірақ, біз үш тұғырлы тіл қалыптасқан мемлекет құрғымыз келеді. Орыс тілін де, ағылшын тілін де білуіміз қажет. Осы тілдер арқылы біз белгілі бір білім-ғылымды тани аламыз, өзге тілдегі материалдарды меңгере аламыз, ойымызды еркін жеткізе аламыз. Сол себепті, пікір-сайыстар, әрине, алдымен қазақ тілінде болуы керек, қажет болған жағдайда орыс немесе ағылшын тілінде өткізген де жөн деп санаймын, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы