Сайлауда дауыс беру әр қазақстандықтың азаматтық борышы – ҚХА мүшесі
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ еліндегі әрбір этностың өзінің ішкі дамуында ұлттық тілін сақтай отырып, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін өркендетуге мүмкіндігі зор. Бұл – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салмақты әрі көрегенді ұлттық саясатының жемісі. Алда өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясы қарсаңында Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы ғылыми-сараптау тобының төрағасы Ардақ Қапышев осындай пікір білдірді.
Оның айтуынша, Ассамблея қоғамдағы бейбітшілік пен татулықты, өзара келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытында жүйелі де жемісті жұмыс жүргізуде.
«Өңірде түрлі ұлттардың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін насихаттайтын 43 этно-мәдени бірлестік бар. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанынан Ғылыми-сараптамалық орталық, Мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау орталығы, Журналистер клубы, Балалар және жастар ұйымдары қауымдастығы және Халықтық қолданбалы қолөнер шеберлерінің қауымдастығы сияқты ұйымдардың құрылуы өңір халқының татулығының нығаюына сеп болып, жастарды толерантты негізде тәрбиелеуге жол ашып отыр. Этномәдени бірлестіктер өкілдері жоғары және орта арнаулы оқу орындарының, мектептердің ұжымдарымен кездесіп, жастар арасында ұлтаралық келісімді нығайтуға атсалысуда. Қазақстан халқының бірлігі күні, Конституция, Жеңіс күні, Рухани келісім және «Наурыз», «Сабантой», «Ораза айт», «Масленица» сияқты басқа да мерекелер барша халық қатысатын мәдени-рухани шаралар ретінде атап өтіледі. Мұндай мерекелер этностарды бір-біріне жақындата түседі, өзара байланыстарын нығайтады», - дейді Ардак Қапышев.
Оның айтуынша, облыс тұрғындары арасында ақпараттық-насихат шараларын өткізу кезінде қоғамдық пікірлер зерттеліп, проблемалар алға тартылуда.
«Осы орайда, Ақмола Ассамблеясында облысымыздағы ғалымдар, тарихшылар, саясаткерлерден құралған ғылыми-сараптау орталығы жұмыс істейді. Орталық білім беру жүйесі мен тәрбиелеу арқылы жастарға патриоттық тәрбие беру, толеранттылықты қалыптастыруда кең ауқымда жұмыс жүгізуде. Ұлт бірлігі, қазақстандық патриотизм идеяларын жаңғыртуда Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының балалар мен жастар ұйымдары ассоциациялары да белсенділік танытуда. Өңірдегі тұрып жатқан ұлттық диаспоралардың элитасы мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуде. Олардың ішінде жеке кәсіпкерлер, тіл мамандары, телекоммуникация саласының мамандары бар. Этномәдени бірлестіктер облыстың мәдени өміріне белсенді араласуда. Көпұлтты халқымыздың риясыз достығы мен салт-дәстүрін насихаттау, өңірдегі этностық топтардың бірлігін, туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайту облысымыздағы этномәдени бірлестіктерінің басты жетістіктері бола бермек», - дейді Ардақ Қапышев.
Ол елорда төрінде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясынан тың бастамалар күтетінін айтады.
«Бұл жолғы ауқымды шара Жастар жылында жүзеге асырылатын игі бастамаларға арналады деп ойлаймын. Жалпы, осы орайда этномәдени бірлестіктердегі жастар қанатының жұмысын жандандыру қажет деп есептеймін. «Ассамблея туралы» Заңдағы соңғы өзгерістерге сай этномәдени бірлестіктерді қоғамдық аккредитациялаудың ережесі, тәртібі, талаптары сөз етіледі деп күтеміз. 9 маусым күні өтетін кезектен тыс президенттік сайлауда бір адамдай дауыс беру әр қазақстандықтың азаматтық борышы. Тұрақтылықтың тұғыры – татулық. Билік ауысуының осы кезеңінде қоғамды біріктіру үшін этномәдени бірлестіктердің рөлін күшейту қажет», - дейді Ардақ Қапышев.