Төсек тартып жатсам да сайлауда дауыс бердім – қоғамдық бірлестік төрайымы
Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбедегі мүмкіндігі шектеулі жандар тұрғындарды маусымда өтетін Президент сайлауында бірауыздан дауыс беруге шақырды. Бүгін «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау» орталығында дөңгелек үстел өтті. «Қозғалуға мүмкіндігі жоқ, үйінен шыға алмайтын жандарды сайлау туралы хабардар ету міндетіміз» дейді Құралай Бәйменова.
Ақтөбе облысының сал ауруына шалдыққан азаматтары кезектен тыс өтетін Президент сайлауына қатысуға дайын. Бүгін сайлау туралы олар толық ақпарат алды. «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінде дөңгелек үстел өтті.
"Әр адамның өмірінде, бір ұжымда немесе елде болған әр нәрсенің барлығы тарихтың қорытындысы. Біз әр оқиғаны талқылап, қорытындылап, сараптап отырсақ, тек уақыт жоғалтамыз. Сайлаудың аты - сайлау. Мен кез келген сайлауды қолдаймын. Себебі, біз бірнеше адамның арасынан бір адамды таңдауға құқылымыз, олардың бағдарламасын таңдаймыз. Сайлау алдында түрлі пікірдің айтылатыны анық. Дегенмен, осыған байланысты халықтың тағдыры шешіледі. Немқұрайлылық танытпауымыз керек. Мен елде өткен барлық сайлауға қатыстым. Төсек тартып жатсам да дауыс бердім. Президенттікке үміткерлерді де, олардың бағдарламаларын да көрдім. Мемлекетіміздің болашақ басшысы халықтың тұрмыс-тіршілігін, жағдайын ескереді деп ойлаймын", - деді «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова.
Қоғамдық бірлестіктің өкілдері үйлерінде төсек тартып жатқан азаматтарды да сайлау туралы хабардар етуді мақсат етіп отыр. Олар да сайлауда дауыс беруге құқылы.
«Қазір шаһарда төсекке таңылған жандар көп. Біздерге арбамен жүру бақыты бұйырған ғой. Ал, үйлерінен шыға алмайтын адамдар бар. Олар да Қазақстанның азаматтары, Конституция бойынша барлық ақпаратты алуға құқылы. Ол үшін әр мүгедекте жеке көмекші бар. Бүгін біз көмекшілерді шақырдық. Солар арқылы біз бірлестік мүшелеріне кезектен тыс Президент сайлауының маңызын түсіндіру қажетпіз. Менің ойымша, әрбір үкіметтік емес ұйымның сайлау туралы ақпарат беретін, сайлауға шақыратын топтары болуы шарт», - деді Құралай Бәйменова.
Елді басқаруға ақыл-парасаты жоғары жан келуі керек. «Ақтөбе облысының мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмирам Сражова кезектен тыс Президент сайлауының өтетініне риза. Қолдап отыр.
«Кезектен тыс Президент сайлауының өтуі демократияның көрінісі. Елді басқаруға қарапайым халықтың көңілінен шығатын, көпшілікке ұнамды адам ғана емес, халықаралық деңгейде ықпалын жүргізе алатын, нақты бетбұрысты шешімдер қабылдауға дайын, сынап-мінемей, ұсыныс пен әрекет етуге ақыл-парасаттылығы жоғары деңгейдегі азамат болуы шарт. Елдің саяси-экономикалық, халықтың әлеуметтік әл-ахуалын жақсартуға күш жұмсайтын, ол үшін бойындағы білімі, талабы мен іскерлігі жеткілікті адам ғана Президенттікке келуі керек. Ал, сайлауға саналы, намысы мен патриоттығы жоғары адамдар қатысып, дауыс берулері керек. Бұл – өте маңызды», - деді Гүлмирам Сражова.