Сайлауда 19 заңбұзушылық тіркелді – Бас прокуратура

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін кезектен тыс өткен Президент сайлауында 19 заңбұзушылық тіркелген. Бұл туралы ҚР бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев айтты.

"Жалпы сайлау процесі бірқалыпты өтті. Азаматтардың құқықтарын өрескел бұзушылық тіркелген жоқ. Сайлау заңнамасын бұзудың 19 фактісі анықталды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Атырау облыстарында 19 заңбұзушылық тіркелді. Оған: заңсыз үгіт-насихат жұмыстары, азаматтарға бірнеше бюллетень беру, сайлау учаскелерінде екі немесе үш бюллетеньді толтыру және бірнеше сайлау учаскелерінде дауыс беру кіреді", - деді Болат Дембаев.

Оның айтуынша, прокурорлар осыған байланысты 18 әкімшілік іс қозғаған. Бірнеше бюллентень беру әрекеті бойынша 12 іс, екі немесе одан көп бюллетень салудың, басқа сайлаушы үшін дауыс берудің 6 фактісі бойынша іс қозғалған.

"Қазіргі кезде барлық материалдар сотқа жіберілді. Заң бұзуға жол берген сайлау комиссияларының мүшелері жұмыстарынан шеттетілді. Мысалы, Қызылорда қаласындағы №251 сайлау уческесінде бір сайлаушыға 5 бюллетень берілгені тіркелді. Бұл іске байланысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 110-бабына сәйкес, 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Алматы қаласы мен Алматы және Түркістан облыстарында сайлау жәшіктеріне екі бюллетень тастаған сайлаушыларға қатысты әкімшілік кодекстің 108-бабына сәйкес іс қозғалды. Оларға да 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Қалған істер соттың қарауында", - дейді бас прокурордың орынбасары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы