Сайлауалды штаб жұмысын бастады

Алда дүбірлі дода. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы. Қазақстан Халық партиясы дода алдындағы дайындығын пысықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазір бос сөз, құрғақ уәденің дәурені өтті. Халық биліктен нақты қарекет күтіп отыр. Кезектен тыс Мәжіліс сайлауы осының айғағы. Сенімді саяси жүйе қалыптастырып, жер байлығы еліне тиесілі әлеуметтік әділетті қоғам құру керек. Ал «керектің» жолында еңбек ету – Халық партиясының негізгі міндеті. Осы орайда құрылған Республикалық сайлауалды штаб жұмысын бастады.

Штаб құрамына қоғам белсенділері, ұлт жанашырлары, сала мамандары мен жас буын кіріп отыр. Оның әрбірінің көзқарасы партия идеологиясымен түйіскен тұлғалар.

Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары, штаб мүшесі Асхат Асылбековтің айтуынша, партия сайлауға тас-түйін дайын. – Бұл сайлау ашық әрі әділ өтуі тиіс. Ең маңыздысы, халық сұранысын қанағаттандыру. Біз шынайы бәсекелестіктен қорықпаймыз. Себебі, біз осы күнге дейін халық мүддесі жолында табанды еңбек етіп келеміз. Ендігі, қоғам өз пікірін алаңдардағы шерулерде емес, парламенттік сайлауда дауыс беру арқылы білдірсе деген тілегіміз ғана бар, – деді.

Айта кетейік, күні бұрын саяси кеңес отырысында партия төрағасының жаңа орынбасарлары сайланғанын хабарлаған едік. Олардың құрамын саяси-экономикалық және әлеуметтік салада білігі мен білімі толысқан Асхат Асылбеков, Хаким Көшқалиев, Александр Милютин, Серікқали Мұқашев, Ирина Смирнова және Талғат Темірханов сынды азаматтар толықтырды.

Бұл қадам партия жүйесі сайлаушылар сұранысына сай реформаланып жатқандығының айқын айғағы. Демек, Халық партиясы дүйім жұрт көз тіккен дүбірлі додаға дайын және кім-кіммен де жалтақсыз жарысуға бел буғанын көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы