Сайлау жыл соңына дейін өтеді – ОСК

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Президент Жолдауынан кейінгі Парламент кулуарында аудан және қала әкімдерінің сайлауы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Қазақстанның аудандарында және облыстық деңгейдегі қалаларында аудан және қала әкімдерінің сайлауын өткізіп көрейік деді. Негізі осының алдындағы 2021 жылдағы Жолдауында да осы мәселені көтерген болатын. Тиісті дайындық жұмыстарын Орталық сайлау комиссиясы аумақтық комиссиялармен бірлесіп өткізіп жатырмыз. Біздің бүкіл инфрақұрылымымыз күрделі және жаңа сайлауды өткізуге толық дайын, - деді Әбдіров.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы аудан және қала әкімдерінің сайлауы қай облыстарда, өңірлерде, аудандарда болатынын жергілікті, облыстық мәслихаттар шешетінін айтты. Ол сайлаудың республиканың барлық өңірінде өткені дұрыс деп санайды.

Сондай-ақ Әбдіров сайлаудың жыл соңына дейін өтетінін болжап, қанша уақытқа созылатынын айтты.

Осы жылдың соңына дейін өтеді деп болжап отырмыз. Негізі заң бойынша сайлауға дайындық және оны өткізу мерзімі 50 күннен кем болмауы керек. Сонымен қатар 1 апта уақытты заң сайлау қорытындысы мен нәтижесін шығаруға беріп отыр. Кемінде 2 айдың ішінде өткізуіміз керек, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы