Сайлау. Заң талаптарын бұзған екі факті расталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-де сайлау күні заңдылықтың сақталуы тақырыбында өткен онлайн брифингте ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин айтты.

Бас прокуратура Конституцияға сәйкес дауыс беру күнінде де, бүкіл сайлау науқаны кезінде де заңдылықты қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Бүгін сайлау процесіне қатысушылардың барлығының заңнама талаптары мен азаматтардың конституциялық құқықтарының мүлтіксіз сақталуы Прокуратура органдары үшін жұмыстың басты басымдығы болды, - деп түсіндірді ол.

Азамат Сарғазин бұзушылықтар туралы келіп түскен әрбір хабарлама мұқият тексеруден өткізіліп жатқанын хабарлады. Қазіргі сәтте «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптары бұзылуының екі фактісі расталды. Бұл сайлау алдындағы үгітті оған тыйым салынған кезде жүргізу және интернет желісінде сайлау нәтижелерін жариялау.

Бірінші Алматы қаласының тұрғыны Конституциялық заңның 32 бабының бірінші тармағына қайшы дауыс беру күні өзінің Facebook-тегі парақшасында партиялардың бірін үгіттейтін жазба орналастырған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 102-бабымен жауапқа тарту үшін оның орналасқан жерін анықтау шаралары қабылдануда. Екінші жағдай бойынша елорда тұрғыны Telegram-дағы өз арнасында сайлау учаскелерінің бірі бойынша дауыс беру нәтижелерін жариялаған. Бұл факт тексерілуде. Құқықтық баға беріледі, - деді ол брифингте.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы