Сайлау учаскесінде кімдерге сыйлық беріліп жатыр?
Астанадағы ҚР Ұлттық кітапханасының ғимаратында орналасқан №111 сайлау учаскесінде тіркелген 2597 адамның 700-ден артығы дауыс беріп үлгерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол аталған учаскедегі барлық сайлаушылардың шамамен 26 пайызын құрайды. Дауыс берушілердің ішінде кәмілет жасқа енді толған жастар да, сексеннің сеңгірінен асқан қарттар да бар.
Мысалы, Astana IT университетінің студенті Жанель Алмазова сайлауға алғаш рет қатысып тұр.
Кішкене алаңдаулымын. Сайлаудың маңыздылығын түсініп тұрмын. Еліміздің болашағына дауыс бергеніме өте қуаныштымын. Болашақта басқа мемлекеттерге барып, тәжірибе алып, Қазақстанның киберқауіпсіздік саласына үлес қосқым келеді, - деді ол.
Сайлауда бірінші рет дауыс берген Жанельге №111 сайлау учаскесінің төрайымы Жанна Тәуекелова Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының ағылшын тіліне аударылған 3 кітабын сыйлады. Үш тілді де еркін меңгерген студент сыйлықты қуана қабыл алып, кітаптарды оқуға уәде етті.
Жастармен бірге учаскеге қарт адамдар да көптеп келіп жатыр. Олардың бірі – 82 жастағы Тұрмат Доспанов. Ол дауыс беруге 81 жастағы жұбайын ерте келген.
Сайлауға барлығы қатысу керек. Енді өзіміз бір 20 миллион халықпыз, қатыспасақ болмайды ғой?! Кез келген адам қатысу керек. Бізді қорғап тұрған Үкімет, адамдар түсінбейді. Көшең де, үйің де, тұрған жерің де, басқаң да, барлығына Үкімет қарап тұр. Сондықтан Үкіметке жақсы адамдар келсе, барлығы жақсы болады, - деді ақсақал.
Сайлау учаскесінің төрайымы қарт жұпты да ескерусіз қалдырмай, оларға шәйнек сыйлады.