23 Тамыз 2026, 18:17

Сайлау учаскелеріне халық легі толастар емес: қазақстандықтар дауыс беруге келіп жатыр

Учаскелер жабыларға бірнеше сағат қалғанда тұрғындар отбасымен, балаларымен бірге келіп, жастар да белсенді дауыс беріп жатыр.

Құрылтай депутаттарын сайлау аяқталуға жақын. Дауыс берудің аяқталуына санаулы сағат қалса да, сайлаушылардың белсенділігі жоғары деңгейде сақталып отыр. Сайлау учаскелеріне келушілер легі бәсеңдеген жоқ.

Сайлаушылардың белсенділігін Орталық сайлау комиссиясының деректері де көрсетеді. Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша дауыс беруге қатысу көрсеткіші 65%-дан асты. 8 миллионнан астам қазақстандық өз таңдауын жасап үлгерді. Бүгін сайлау учаскелерінде жұмыс істеп, сайлау процесінің барысын бақылап жүрген халықаралық байқаушылар да азаматтардың дауыс беруге деген тұрақты қызығушылығына назар аударып отыр.

Күн аяқталуға жақындаса да, сайлау учаскелерінде ерекше оқиғалар жалғасып жатыр. Қонаевта 40 байкер мотошеру ұйымдастырып, дауыс беруге бірге келді. Ал Қарасай ауданында сайлаушылардың бірі отбасымен бірге өз учаскесіне әуе шарымен жеткен.

Дауыс беру Қазақстаннан тыс жерлерде де жалғасып жатыр. Еуропа елдерінен кейін АҚШ, Бразилия және Канадада сайлау учаскелері ашылды.