Сайлау учаскелерінде өрескел тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ – ІІМ
Енді полиция сайлау құжаттарының сайлау комиссияларына қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Құрылтай депутаттарын сайлау күні Қазақстанның барлық өңірінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұл туралы ОКҚ алаңындағы брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев мәлімдеді.
Оның айтуынша, сайлау комиссиялары мен байқаушылардың қауіпсіз жұмыс істеуіне, сондай-ақ азаматтардың еркін дауыс беруіне қажетті жағдай жасалған.
«Он мыңнан астам сайлау учаскесінің бірде-бірінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілеріне жол берілген жоқ. Қазіргі уақытта учаскелерде дауыстарды санау жалғасып жатыр. Дауыс беру аяқталғанымен, ішкі істер органдарының жұмысы жалғасуда», – деді Шыңғыс Алекешев.
Енді полиция сайлау құжаттарының сайлау комиссияларына қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Ішкі істер органдары сайлауға байланысты барлық іс-шара толық аяқталғанға дейін қызметін жалғастырады.
ІІМ мәліметінше, жағдай ведомствоның бақылауында.