Сайлау учаскелері орналасқан мектептер дезинфекцияланады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мектептерде үшінші тоқсан бекітілген кестеге сәйкес 11 қаңтарда басталады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары сайлауының өтуіне байланысты білім беру нысандары сайлау учаскелері ретінде қатыстырылды.
Сайлау барысында республикадағы сайлау учаскелері 7 090 мектептің 5 522-інде; 6 651 мектепке дейінгі ұйымның 143-інде, 644 колледждің 215-інде, 125 ЖОО-ның 53-інде, 22 мектеп-интернаттың, спорт мектептерінің, 114 ЖОО жатақханасының базасында, сондай-ақ 12 сайлау учаскесінде және басқа да білім беру объектілерінде (оқушылар сарайы, шығармашылық үйі, музыка мектептері) орналастырылды.
Қазақстан Республикасы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №69 «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауда дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу кезінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі шаралар туралы» қаулысына сәйкес, сайлау аяқталғаннан кейін сайлау учаскелері ретінде ұйымдастырылған білім беру объектілерінде дауыс беру өткізілген мекемелерде дезинфекциялау іс-шаралары жүргізіледі, - деп хабарлады Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Дезинфекциялық іс-шаралардың аяқталу мерзіміне байланысты мектеп қабырғасында кезекші сыныптар мен 9,11 сыныптар үшін дәстүрлі форматтағы оқу процесі әр түрлі уақытта басталады.
Дауыс беруге қатыспаған және дезинфекцияны аяқтаған мектептерде оқыту 2021 жылғы 11 қаңтардан бастап бірінші немесе екінші ауысымда басталады.
Дезинфекциялық іс-шаралар аяқталмаған білім беру ұйымдарында оқушылар 11 қаңтарда онлайн форматта, яғни қашықтан оқитын болады.
Осылайша, еліміздің барлық мектебінде үшінші тоқсан бекітілген кестеге сәйкес 11 қаңтарда онлайн немесе офлайн форматта басталады.