Сайлау өткізу құр шығын емес - Бахаргүл Төлегенқызы
Президенттік науқанның ең маңызды тұсы – бұл жеті жыл мерзіміндегі бірреттік президеттікті енгізу, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сайлауға пікірін білдіріп отырған келесі қонағымыз коллекционер-этнограф, «Әдемі-ай» компаниясының басшысы Бахаргүл Төлегенқызыда осылай ойлайды.
Бұл – Қазақстанның саяси тарихында тұңғыш рет Президент қайта сайлау құқығынсыз бір мерзімге ғана сайланады деген сөз. Мұндай саяси жаңашылдық қабілетті, жауапты саясаткерлердің жаңа толқынының пайда болуына жағдай жасайды деп ойлаймын. Сайлау өткізу құр шығын емес. Бұл – қоғамның дамуына септігін тигізетін аса маңызды құрал,- дейді Бахаргүл Төлегенқызы.
Ол өз сөзінде AMANAT партиясының мүшесі ретінде ел Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының құрамында екенін, үгіт-насихат іс-шараларын жүргізу барысында бірқатар кездесу өткізгендерін, жас буынмен жүздесіп, олардың көзқарасын білгендігін айтып өтті.
Қасым-Жомарт Кемелұлының «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: БӘРІМІЗ ЖӘНЕ ӘРБІРІМІЗ ҮШІН. ҚАЗІР ЖӘНЕ ӘРДАЙЫМ» атты сайлауалды бағдарламасы алдыңғысынан әлдеқайда өзгеше және осы күннің шындығын ескереді. Сайлауалды бағдарламаның негізі үш қағидаттан тұрады: Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғам. Әділетті қоғам дегеніміз не? Бұл әр азамат өмірлік және кәсіби бастамаға тең мүмкіндікке ие қоғам. Әділетті экономика – кәсіпкерлік еркіндік және әділ бәсекелестік орын алатын мықты экономика,- деді ол.
Оның ойынша әділетті мемлекет – бұл мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестік, әділ соттар, мемлекеттік басқаруға азаматтардың қызығушылық танытуы.
Бұл реформалар өз дәрежесінде іске асуы үшін, әрине, бірлік керек. Қазақ: «Дау көп жерде, жау көп», - дейді. Қазір әлемде болып жатқан жағдай біздің елімізді бей-жай қалдырмайды. Бәрімізге әсер етеді. Сондықтан қазіргі аумалы-төкпелі заманда алауыздықтан алшақ болып, бірлігімізді көрсетіп, ел ертеңі үшін маңызды шарада белсенді түрде дауыс беру керек деп білемін. Әсіресе жастар қауымын дауыс беру күні азаматтық ұстаным танытуға шақырамын. Себебі жастардың бойында жаңа ой, жаңа көзқарас, жаңа мақсат пен ұмтылыс бар. Сондықтан 20 қарашада әр азамат өзінің сайлау учаскесіне келеді деп үміттенемін. Себебі бұл күні біз кандидатқа дауыс беріп қана қоймай, ел тағдырын шешеміз, - дейді Бахаргүл Төлегенқызы.