Сайлауда жастар белсенділігі жыл сайын артып келеді – Үкібай Нұрпейісов
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауына жастардың көптеп қатысуы олардың ел болашағына бей-жай қарамайтындығын көрсетеді, дейді «Jastar Synergy» жастарды қолдау қорының директоры Үкібай Нұрпейісов.
«Бұл менің өмірімдегі бесінші сайлауым. Бұл сайлаудың басқа сайлаулардан ерекшелігі - саяси науқанға xалықтың белсенді қатысуымен, оның ішінде жастардың азаматтық парызын орындауда ынта-ықыластарының жоғары екендігімен ерекшеленді. Саяси додаға қатысушы кандидаттардың сайлау алды бағдарламалары да көңілімнен шықты. Жалпы дода тартысты өтті деп ойлаймын», - дейді «Jastar Synergy» жастарды қолдау қорының директоры.
Оның ойынша, ел президентін таңдауда жастардың белсенділік танытуына Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы да әсер еткен.
«Өздеріңіз білетіндей, биыл ҚР Тұңғыш Президентінің жарлығымен «Жастар жылы» болып жарияланды. Бұл елдің келешегіне үлкен әсер етеді деген пікірдемін. Жыл өткен сайын елдің болашағына бей-жай қарамайтын, жауапкершілікті сезінетін жастардың көбейіп келе жатқандығы қуантады. Жас ұрпақ саяси науқанға бар ынтасымен қатысып, осы нақты әрекет арқылы өздерінің конституциялық құқығын дұрыс пайдалануда. Олар өз таңдауларына өкінбейтіндігіне сенімдімін», - дейді Үкібай Нұрпейісов.