Сайлау күні қоғам қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?
Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер министрден: «19 наурызда өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты полиция күшейтілген режимде жұмыс істей ме?» деп сұрады.
Жоқ. Күшейтілген режим енгізілмейді. Өздеріңіз білесіздер, 10 мың сайлау учаскесі бар. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Қосымша күш құралдары жұмылдырылады. Бюллетендер әкелінген соң олар тәулік бойы күзетіледі. Қоғамдық қауіпсіздік қамту мақсатында біздің патрульдеріміз жұмыс істейді, - деп атап өтті ведомство басшысы Үкіметтің кулуарында.
Айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігі тек сайлау уақытында ғана емес, одан тыс уақытта да басты назарда.
Мүмкін байқамайтын боларсыздар, күн сайын 17 мың патруліміз ауысыммен тәулік бойы жұмысқа шығады. Олар сіздердің қауіпсіздіктеріңіз бен тыныштықтарыңызды күзетеді, - деді Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ сайлау күні Астана мен Алматы қалаларына қосымша күш тартылмайды деп отыр.
Жоқ, қажеті қанша? Біздің ішкі әскеріміз бар, дұрысын айтқанда, Ұлттық ұлан сарбаздары. Олар өздеріне бекітілген стратегиялық нысандарды, түзету мекемелерін күзетеді. Қоғамдық тәртіпті патрульдік бекет сақшылары, учаскелік полиция қызметкерлері тартылады, - деді министр.