Сайлау күні қанша сәби дүниеге келді

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сайлау түнінен таңертеңгі 09:00- ге дейінгі аралықта Атырау облысы бойынша 6 нәресте дүние есігін ашты.

Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Атырау қалалық перзентханасында 3 ер бала, 1 қыз, ал облыстық перинаталдық орталықта 1 ер бала мен 1 қыз дүниеге келді.

Түркістан облысы бойынша 90 нәресте дүние есігін ашты.Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының хабарлауынша, 46 ер бала, 44 қыз, оның ішінде 2 егіз дүниеге келді. 

Егіздердің бірі Қазығұрт ауданында, екіншісі Түлкібас ауданында туылды.  Бүгінде аналар мен сәбилердің денсаулығы жақсы.

Сондай-ақ Қызылорданың Жалағаш ауданында сайлау күні Қорғанбаевтар отбасы үшін жағымды жаңалықпен басталды. Яғни бүгін бұл отбасында ұл дүниеге келді. Саяси науқан күні дүниеге келген сәбиге ата-анасы Қасым-Жомарт деп есім беріпті.

Бүгінде 4 келі 400 грамм, бойы 55 см болып туған кішкентайдың да, анасының да жағдайы жақсы.

Жалпы бүгін Президенттік сайлау күні елімізде 634 кішкентай азамат дүниеге келді, оның ішінде 6 егіз, 328 ұл және 306 қыз дүниеге келді,- дейді Денсаулық сақтау министрлігі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы