Сайлау кезінде Атырау мен Маңғыстау облыстары жарықсыз қалған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысында электр энергиясы өшіп қалды. Бұл туралы «Атырау-Жарық» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Мекеменің мәліметінше, электр қуатын өшіру жергілікті уақытпен 18:30-да басталған.
Атырау қаласындағы шағын аудандар мен қала маңындағы Водников, Кеңөзек, Дамбы, Балықшы, Балауса, Лесхоз, Геолог, Бірлік, Тасқала елді мекендерінде жарық сөніп қалды. Сондай-ақ, Махамбет пен Индер аудандарында да электр қуатын беру тоқтаған.
KEGOC желісінде пайда болған ақау салдарынан Атырау қаласының кейбiр ықшамаудандары уақытша жарықтан ажыратылды. Қалыпқа келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Жарық біртіндеп қосылады - делінген хабарламада.
Облыстық аймақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау процесіне электр энергиясын өшіру әсер еткен жоқ. Сайлау учаскелеріне алдын ала генератор орнатылған.
Атырау облысында электр желісіндегі апаттан Маңғыстауда да жарық сөніп қалды.
Маңғыстау облысының әкімдігі апаттық жағдайда электр энергиясының сөнуіне байланысты ресми ақпарат таратты.
Атырау облысының аумағындағы «Индер», «Атырау» қосалқы станцияларында орын алған апаттық жағдай салдарынан электр энергиясы жиілігінің төмендеуіне әкеліп, соның салдарынан «КЕГОК» желісінің батыс аймағы бойынша (Атырау және Маңғыстау облыстарында) электр жүйесі тұтас істен шықты. Салдарынан Ақтау қаласындағы (1,2,3,6,8,13,24 шағын аудандар) және Түпқараған ауданындағы («Дунга», «Акшукыр», «Форт», «Баутино» қосалқы станциялары) және Мұнайлы ауданындағы («Маңғыстау», «Қызылтөбе») аудан тұрғындары жарықтан ажыратылды - делінген әкімшілік ақпаратында.
Сағат 18.30 пен 19.45 аралығында Ақтау қаласындағы сайлау учаскелерінің ішінен екі сайлау учаскесі электр энергиясынан уақытша шектелді.
Қазіргі уақытта «КЕGОC» АҚ Атырау облысының аумағында апатты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, жиілікте қайта орын алған апаттың салдарынан сағат 20.00-де Ақтау қаласындағы 1, 2, 3А, 3Б, 4 және 5 шағынаудандарында жарық қайта сөнді. Жоғарыда аталған Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы қосалқы станциялар электр желісіне қайта қосылу үшін «КЕГОК» АҚ рұқсат күтіп отыр. Бұл мәселе облыс әкімдігінің жіті бақылауында - делінген хабарламада.