Сайлау емес, санау маңызды деген талай сайлауды көрдік – депутат

Депутат Қазыбек Иса алдағы Парламент сайлауының әділ, ашық өтуі керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат сайлауға қатысты депутаттық сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

Ол атап өткендей, осыдан бір апта бұрын Сенат отырысында Президент Тоқаев Парламенттің рөлі артып келе жатқанын атап өтіп, алдағы сайлаудың адал да, ашық өтуіне мән берді. 

Яғни әділетті Қазақстанның басты талабы әділ сайлау болуы тиіс. Әділдік жайлы айтқанда біз алдымен қаңтар қасіретінен қандай сабақ алдық, қандай қорытынды шығардық. Оның бәрін алдымыздағы Парламент сайлауы айқын көрсетеді. Сайлау әділ де, ашық өтуі керек. Бұрынғыдай бұрмалау болып жатса, қаңтар наурызға ұласып кетуі мүмкін. Яғни мемлекеттің тағдыры биліктің  әділдігіне байланысты өз қолында тұр. Әділ мемлекет болуы үшін ең алдымен әділ сайлау болуы керек, - деді Қазыбек Иса.

Депутат мұны не үшін айтып отырғанын түсіндірді.

Бұған дейінгі сайлаулардың қалай өткенін өте жақсы білеміз. Сайлау маңызды емес, санау маңызды деген талай сайлау басымыздан өткен. Осы 30 жыл бойы елді әділетсіздік пен жемқорлық жаулап алса да, қаншама экономикалық дағдарыс, инфляция, девальвация болса да, сайлау сайын «билік партиясы Nur Otan-ға 80-90% дауыс берді» дегенге кім сенеді?.. Ел сене ме? Биліктің өздері де сенбейді, - деді ол.

Сөзінше, бұрынғы сайлауларымыз халықтың жүрегіне оқ болып қадалғаны анық. Мысалы, 2007 жылы Парламентке тек қана 100 пайыз нұротандықтар өткен. Иса  Президенттің әділ сайлау өтуі туралы ұстанымын «Ақ жол» қолдайтынын жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы