Сайлау елеулі өзгерістерге ұшырады – Леся Қаратаева
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Леся Қаратаева ҚР Мәжілісі және жергілікті сайланбалы органдарына сайлау пандемия жағдайында, сонымен қатар мемлекеттік басқару және жалпы саяси заңнама саласындағы елеулі өзгерістер аясында өткені жайлы айтты.
Оның айтуынша, елдегі саяси процесті ұйымдастыру тәсілдерін трансформациялау мақсаттарының бірі саяси партиялардың жауапкершілігін арттыру және партиялық бәсекелестікті күшейту болды. Алғаш рет мәслихаттарға сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтті. Өңірлік даму үдерістеріне көбірек көңіл бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару деңгейін арттыру жағдайында мұндай тәсіл жергілікті сайланбалы органдардың неғұрлым тиімді жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сайлау алдындағы кезең саяси партиялардың жоғары белсенділігін көрсетті. Олар өздерінің партиялық қызметін қазақстандық қоғам дамуының қазір талаптарына бейімдеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
Жаңалықтардың бірі – партиялық тізімдерге жастар мен әйелдерді енгізу болды. Олардың үлесі 30%-дан төмен болмауы тиіс. Заңның бұл талабын партиялар толық көлемде орындады. Атап айтқанда, барлық партиядан кандидаттардың жинақталған тізіміндегі әйелдер мен жастардың жиынтық үлесі 44,6%-ды құрады. Жергілікті сайланбалы органдар үшін гендерлік және жас квотасын енгізудің ерекше маңызы бар. Осы уақытқа дейін кейбір облыстың мәслихаттары құрамындағы әйелдердің үлесі айтарлықтай төмен болды, - дейді Леся Қаратаева.
Леся Қаратаеваның айтуы бойынша партиялардың үгіт-насихат жүргізу өткізу тәсілдері де өзгерді – партияның басты назары on-line кеңістігінде үгіттеу жұмыстарына аударылды. Интернет-коммуникацияға халықтың көп жүгінуі және коронавирустық пандемиядан туындаған жағдайларды ескере отырып, бұл түсінікті екендігі мәлім.
ҚР Мәжілісі жұмысының тетіктері мен рәсімдеріндегі заңнамалық ресімделген өзгерістер де қағидаттық маңызға ие. Біріншіден, жаңа сайланған Мәжілістің құрамында парламенттік оппозицияның тетіктері жұмыс істейтін болады. Бұл заң шығару қызметінің тиімділігін арттыруға алып келеді. Екіншіден, Үкіметтің құрамын бекіту құқығын алатын Парламенттің өкілеттіктері кеңейтілуде. Осы уақытқа дейін Қазақстанда Үкімет Президент сайлауынан кейін өз өкілеттігін тоқтататын. Биыл Үкіметтің ауысуы ҚР Мәжілісінің жаңа құрамын қалыптастыруға байланысты болады. Осылайша, өткен сайлау қазақстандық парламентаризм тарихындағы жаңа кезеңді ашып қана қоймай, елдің саяси жүйесін жаңа жұмыс режиміне көшіреді, - деді ол.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері атап өткендей, дауыс беру процесін ұйымдастыру және сайлауды бақылау ерекше назар аударуға тұрарлық. Пандемия және коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі сайлау күні дауыс беру рәсімін ұйымдастырушылар үшін бұрын-соңды болмаған қиындықтар туғызды. Дегенмен, эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтауға қатысты қабылданған шаралар сайлау комиссиялары мүшелерінің де, байқаушылардың да, қандай да бір партияға өз дауысын беру үшін сайлау учаскелеріне келген азаматтардың да талап етілетін қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етті. Сайлау комиссияларының мүшелері мен бақылаушылар үшін ПТР-тестілерінің міндеттілігі, сайлау учаскесінің кіреберісіндегі азаматтардың дене қызуын өлшеу, жеке қорғаныс құралдарынсыз келгендерге медициналық маскалар беру, бір реттік қаламдар, үй-жайларды тұрақты желдету, әлеуметтік қашықты реттеу үшін кеңістікті белгілеу және т.б. – осының бәрі өткен сайлаудың ерекше жағдайларына айналды. Шетелдік байқаушылар да дауыс беру процесін ұйымдастырудың жоғары деңгейіне назар аударды.
Мінсіз сайлау болмайды және дауыс беруді ұйымдастырудағы белгілі бір кемшіліктерді байқаушылар тіркеді. Алайда олардың кейбіреулері қысқа мерзімде реттелген түсініспеушіліктер сипатына ие болды. Бас прокуратураның мәліметтері бойынша елеулі бұзушылықтар тіркелген жоқ, - дейді ол.
Сайлауға қатысу деңгейіне қатысты белгілі бір күмәншілдік байқалды. Шынында да, тіркелген нәтиже қатысу деңгейі 75%-дан асқан соңғы және оның алдындағы парламенттік сайлауларға қарағанда төмен болды. Дегенмен, пандемияны ескере отырып, сағат 22:00-ге дейін көрсеткіштің 63,3%-ға жетуін қанағаттанарлық деп санауға болады. Алматы, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары үлкен жауапкершілік танытты. Бұл өңірлерде сайлауға келушілер саны 73%-дан асқаны атап өтілді.
Сайлаудың алдын ала қорытындылары барлық үш парламенттік партияның – Nur Otan, «Ақ жол» және ҚХП, өздерінің жоғары мәртебесін сақтағанын және VII сайланымдағы Мәжіліс үш партиялы болып қалатынын көрсетті. Бұл ретте Nur Otan партиясы еліміздің барлық өңірінде сенімді жеңіске жетті. «Ақ жол» партиясы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында барынша берік ұстанымдарға ие. ҚХП елдің батысында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында үлкен ықпалға ие. «Ауыл» партиясы миллиондаған халқы бар үш қалада және Маңғыстау облысында 7%-дық межені еңсерді. Алайда басқа аймақтарда алынған дауыстардың аздығы партияның төртінші парламенттік партия болуына мүмкіндік бермеді, - деді Леся Қаратаева.
11 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясынан ҚР Мәжілісінің 9 депутатын сайлау өтті. Ұсынылған тоғыз кандидаттың барлығы қажетті дауыс санын жинады және VII шақырылымдағы ҚР Мәжілісінің депутаттары болып сайланды.