Қазақстандықтардың сайлауға балаларымен келгені ұнады – халықаралық бақылаушы
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандықтар сайлауға балаларын ертіп келеді екен. Мұны көріп қуандық. Бұл туралы Ресейдің Кострома қаласынан Шымкентке келген бақылаушылардың бірі Николай Майоров айтты.
Ресейдік Кострома қаласынан ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы Шымкентте қалай өтетінін бақылауға 4 адам келген. Олар екі топқа бөлініп, таңнан кешкі сағат алтыларға дейін Шымкенттегі 20-ға жуық сайлау учаскесін аралап шыққан.
"Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Бірінше рет сайлауға бақылаушы болып отырмын. Сайлаушылардың белсенділігі жақсы. Бізге ересектердің балаларымен бірге сайлауға келуі ұнады. Үлкендер балаларын, немерелерін сайлауға әкеліп жатыр. Ал заң бұзушылықтарға келсек, бір сайлау учаскесіне барғанымызда сайлау кабинасының ішінен бюллетень табылды. Сайлау комиссиясы оны жарамсыз деп тапты. Біз учаскелік сайлау комиссиясының жұмысын сайлау процесінің қалай өткеніне, сайлаушылардың құқықтары қалай сақталғанына қарап бағалаймыз. Біздің дерегімізше, сайлаушыларды тізім бойынша тіркеді, тізім бойынша сайлау бюллетенін берді. Әрбір сайлау учаскесінде бақылаушылар көп екенін көрдік. Қоғамдық ұйымдардан, саяси партиялардан бақылаушылар көп болды. Күннің алғашқы жартысында орта жастағы сайлаушылар жиі келді", - дейді Николай Майоров.
«Қалай ойлайсыз, екінші тур бола ма?» деген сауалымды да қойдым.
«Түсінесіз бе, екінші турға келсек, мен бұл жайлы ойламаппын. Неліктен? Қанша тур болмасын, бұл – Қазақстан Республикасы азаматтарының ішкі тірлігі. Таңдауды олар жасайды. Олар осы елде тұрады, өздері таңдаған президентпен бірге өзінің де, балалаларының да болашағын құрады. Бүгінгі дауыс беру аяқталады. Сайлау бюллетендерін санайды. Қорытындысын шығарады. Бәрі де Қазақстан Республикасы азаматтарының таңдауына құрметпен қарайды», - деді Николай Майоров.
Қазақстандағы президент сайлауына келер алдын олардан қай қалаға баратындарын сұраған екен.
«Бізге қай балаларға баратынымызды ұсынды? Біз Шымкентті таңдадық. Еш өкінбейміз. Шымкентке келгеніміз дұрыс болды. Шымкенттің таңдауымызға – Шымкентттің республикалық маңызы бар қала екені себеп. Қаланы көргіміз келді. Тыныс-тіршілігін сезінгіміз келді. Шымкенттің экономикалық дамуы қарқынды екені байқалды», - дейді ол.
Айта кетсек, Шымкент қалалық сайлау комиссиясының берген дерегінше, 9 маусым – ҚР президентінің кезектен тыс сайлауында Шымкентте 260 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Олардың 19-ы жабық сайлау учаскесі саналса, қалған 25 сайлау учаскесі жаңадан ашылған. Осы 260 сайлау учаскесіне 568 794 сайлаушы тіркелген. Сол 260 сайлау учаскесінің 113-інде тіркелген сайлаушылар саны 2500-3000 адам арасында болып отыр.
Сайлау процесін саяси партиялардан 238 адам, қоғамдық ұйымдардан 534 адам және 26 шетелдік бақылаушы қадағалап жатыр.