Сайлау бағдарламасын іске асыруға қанша теңге қажет екені айтылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов депутат Марат Құсайынов қойған сауалға жауап берді.
Өткен жылы Ұлттық қор қауіпсіздік қорғанышы ретінде жұмыс істеді. Бұл әлеуметтік және эпидемиологиялық шараларды іске асыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, экономиканы, кәсіпкерлерді, халықты қолдауға мүмкіндік берді. Қабылданған шаралар контрциклдық сипатқа ие. Болашақта дамудың негізін қалайды. Осы жылы экономиканы қолдау үшін ұқсас шаралар қабылдау қажеттілігі туындауы мүмкін. Себебі коронавируске байланысты шектеу шаралары әлі де орын алуда, - деді ол.
Сонымен бірге Үкіметтің алдында «Nur Otan» партиясының сайлау бағдарламасын іске асыру міндеті тұр. Ол үшін қосымша қаржыландыру керек.
Алдымыздағы 5 жылдың ішінде сайлау бағдарламасын іске асыру үшін 21 трлн теңге қажет. Ол үшін біріншіден бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту жұмыстары жүргізіледі. Негізінен салық және кеден әкімшілендіруді әрі қарай цифрландыру жұмыстары және «көлеңкелі» экономиканы қысқарту бойынша арнайы кешенді жоспарды іске асыру есебінен болады. Екіншіден, бюджет шығыстарын оңтайландыру керек, - деп жауап берді Әлихан Смайылов отырыста.
Оның айтуынша, соңғы 2 жылда 3,5 трлн теңгеге бюджет шығыстары оңтайландырылған. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғастырылады.
Қазіргі күні арнайы әдіснама әзірленді. Ақпараттық жүйе Қаржы министрлігінде дайындалды. Сондай-ақ, ішкі және сыртқы нарықтардан, Ұлттық қордан қосымша нысаналы трансферт тартылады. Дегенмен, негізгі назар кірістерді ұлғайтып, шығыстарды оңтайландыру жұмыстарында болады, - деп түсіндірді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Смайылов айтқандай, Үкімет инвестиция тарты жұмыстарын да жүргізуде. Алдымыздағы 5 жылдың ішінде 118 трлн теңгеге инвестиция тартылады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Ақтөбеде 500 адам баспана құқығынан айырылған
Өзгелердің жаңалығы