Сайлау: Ассамблея кандидаттарына қандай талап қойылады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі ұсынған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды тіркеу туралы мәселе қаралды.
Отырыс барясында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев 2021 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан халық Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы өтетініне тоқталды.
Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конститутциялық заңының 87-бабы 1-тармағына сәйкес кондидаттар ұсыну құқығы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесіне тиесілі. ҚХА кеңесінің Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну жөніндегі отырысы осы жылдың 11 желтоқсанында өтті, - деді ол.
2020 жылғы 14 желтоқсанда ҚР Орталық сайлау комиссиясына ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну туралы келесі құжаттар ұсынылған:
Ассамблея кеңесінің кандидаттарды ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
Азаматтардың депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келісімі туралы өтініштері;
ҚХА Кеңесі ұсынған әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер;
ҚХА Кеңесі ұсынған кандидат пен олардың жұбайлары кірістері мен мүлкі туралы декларациялар тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органдарының анықтамалары.
Ерлан Дауылбаевтың айтуынша, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 51-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақатарына және осы Конституциялық заңға сәйкес белсенді сайлау құқығына ие болуға тиіс.
Конституция мен заңда қойылған талаптар, ол ҚР азаматтығы, ҚР аумағында соңғы он жыл тұруы, жасы 25-ке толу керек. Сайлауға сот қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру органдарында отырған азаматтар қатыспайды. Оған қоса сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам, сыбайлас жемқорлық, қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам ҚР Мәжілісі Парламенті депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша кандидат бола алмайды, - деді ол.