Сайлау алдындағы үгіт бүгін 18:00-де басталады
Сайлау алдындағы үгіт кезеңі 18 ақпан сағат 18:00-де басталып, 18 наурызда сағат 00:00-де аяқталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биылғы сайлау алдындағы үгіт-насихаты заңнамадағы кейбір жаңалықтармен ерекшеленетінін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова еске салды.
Енді БАҚ арқылы үгіт-насихатттан бөлек сайлау алдындағы іс-шаралар, үгіт материалдарын шығаруды онлайн платформалар арқылы да жүзеге асыруға болады. Үгіт-насихатқа қатысатын онлайн платформаларды пайдаланушылар сайлау комиссияларына төлем мөлшері мен үгіт материалдарын орналастыру шарттары туралы мәліметтерді үгіт басталардан 5 күн бұрын ұсынуы тиіс, - деді ол.
Нәтижесінде, 14 ақпанға дейін Орталық сайлау комиссиясына 465 БАҚ және 40 онлайн-платформа пайдаланушысы аумақтық сайлау комиссияларына 2115 БАҚ және 55 онлайн-платформа пайдаланушылар төлем мөлшері, баспасөз бетіндегі орны, эфир уақытын ұсыну шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер ұсынды. Олармен кандидаттар мен саяси партиялар келісім жасасып, үгіт материалдарын орналастыра алады.