Сайлау алдындағы тыныштық күні нені ескеру керек?
22 тамыз – тыныштық күні.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік сайлау алдындағы тыныштық күнгі негізгі ережелерді түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
22 тамыз – тыныштық күні. Бұл күні және дауыс беру күні сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынады. Бұған дейін орналастырылған үгіт материалдары, соның ішінде интернеттегі материалдар, бұрынғы орындарында қала береді. Алайда оларды интернет-ресурстардың басты беттерінде қайта орналастыруға болмайды.
Үнсіздік күні сайлауалды үгіт жүргізгендер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабының 2-тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Заң бұзғандарға мынадай мөлшерде айыппұл қарастырылған:
- жеке тұлғаларға – 15 АЕК немесе 55 380 теңге;
- шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК немесе 73 840 теңге;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК немесе 92 300 теңге;
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК немесе 129 220 теңге.
Сауалнамалар мен болжамдарды жариялауға қатысты да арнайы шектеулер белгіленген. Дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын және сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді таратуға жол берілмейді.
Бұл ретте дауыс беру күні exit poll сауалнамасын тек дауыс беру үй-жайларынан тыс жерде және бұл туралы ОСК-ны хабардар еткен ұйымдар ғана жүргізе алады.
Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньнің фото және (немесе) бейнетүсірілімін жүзеге асыруға және оны таратуға тыйым салынады. Бұл ретте сайлаушының сайлау учаскесінде фотоға түсу құқығына шектеу қойылмайды. Сайлаушының қай партияға дауыс бергені көрінбейтін болса, сайлау жәшігінің жанында немесе бюллетеньді жәшікке салу кезінде де фотоға түсуге болады. Дауыс беру күнінен кейін мұндай материалдарды таратуға қатысты тыйым қолданылмайды, өйткені бұл шектеу дәл дауыс беру күніне қатысты белгіленген, – деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.
Байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысына да ерекше назар аударылды. Олар сайлау учаскелерінде болуға және заңнамада белгіленген өкілеттіктері шегінде дауыс беру барысын бақылауға құқылы. Бұл ретте байқаушыларға сайлау жәшіктерін, сондай-ақ жасырын дауыс беруге арналған кабиналардың кіретін және шығатын тұсын байқау мүмкіндігі қамтамасыз етілуге тиіс.
Сайлау процесінің барлық қатысушылары учаскеде белгіленген тәртіпті сақтауға және азаматтардың еркін ерік білдіруне кедергі келтірмеуге міндетті.