24 Тамыз 2026, 01:12 Фото: nstagram.com/a1darbek

«Сайлау әділ өтті»: Respublica партиясы exit poll-дың алғашқы нәтижелеріне қатысты пікір білдірді

Партия көшбасшысы алғашқы Құрылтай сайлауын Қазақстанның саяси өміріндегі тарихи оқиға және ел дамуының жаңа кезеңі деп бағалады.

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров алғашқы Құрылтай сайлауы аяқталғаннан кейін қазақстандықтарға үндеу жасап, сайлауға қатысқан азаматтарға алғыс білдірді.

Партия көшбасшысы алғашқы Құрылтай сайлауын Қазақстанның саяси өміріндегі тарихи оқиға және ел дамуының жаңа кезеңі деп бағалады. Ол Respublica партиясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформаларды қолдайтынын атап өтті.

«Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Алғаш рет өткен Құрылтай сайлауы – Қазақстанның саяси өміріндегі тарихи сәт, ел дамуының жаңа кезеңі дер едім. Бүгін күллі халқымызбен бірге болашаққа нық қадам жасап отырмыз», – деді Айдарбек Ходжаназаров.

Ол сайлауда өз таңдауын жасаған барлық қазақстандыққа алғыс айтып, Respublica-ны қолдаған азаматтарға ерекше ризашылығын білдірді. Сонымен бірге өзге партияларға дауыс берген сайлаушылардың таңдауына да құрметпен қарайтынын жеткізді.

Партия төрағасының айтуынша, сайлауалды кезеңде Respublica командасы еліміздің барлық өңірін аралап, тұрғындармен кездескен. Кездесулер барысында азаматтардың мәселелері мен ұсыныстары тыңдалып, қоғамда өзгерістерге, жаңаруға және дамуға сұраныс бар екені байқалған.

«Respublica партиясы бүгінгі сайлау ашық, әділ және заң талаптарына сай өтті деп есептейді. Дауыс беру аяқталып, exit poll-дың алғашқы нәтижелері жарияланды. Бұл – біз күткен нәтиже. Қазақстан азаматтары белсенділік танытып, өз таңдауын жасап, конституциялық құқығын жүзеге асырды», – деді партия төрағасы.

Айдарбек Ходжаназаров партия ресми сайлау қорытындысын күтетінін және азаматтардың таңдауына құрметпен қарайтынын атап өтті.

«Алда ресми қорытынды бар. Халық қандай таңдау жасаса да, біз оған құрметпен қараймыз. Ал Respublica үшін елге қызмет ету, халықтың сөзін сөйлеп, нақты өзгерістерге жұмыс істеу жалғаса береді», – деді ол.

Партия көшбасшысы алғашқы Құрылтай сайлауының тарихи маңызына тоқталып, қазақстандықтарды ел болашағын бірге құруға шақырды.