Түркістан облысындағы сайлауға 65 шетелдік бақылаушы қатысады

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысы бойынша 889 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Бүгінде барлық учаскенің жұмыстары толық аяқталған, сайлауға сақадай сай дайын. 

Ал «жабық сипатта» 26 сайлау учаскесі бар. Облыстық сайлау комиссиясы кандидаттардың 2437 сенімді тұлғасын тіркеді. Сондай-ақ, өңірде өтетін сайлауға 65 шетелдік бақылаушы қатысады.

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Данияр Оразымбеттің айтуынша, аймақтағы барлық аудан, қалаларда СаІІ-орталықтар ашылған. 

«Сайлаушыларға хабарландыру түгел таратылды. Сол хабарландыруда дауыс берушінің қай сайлау  учаскесіне баратыны туралы көрсетілген. Сондай-ақ, хабарландыру смс арқылы да жіберілді. Бұдан бөлек, кез келген сайлаушы «turkistan.gov.kz» сайты арқылы ЖСН енгізеді де, қай учаскеге тіркелгенін бірден біле алады. Заң талабына сәйкес, әр сайлаушы жеке куәлігін көрсетіп, бюллетень ала алады. Кабинаға да бір-ақ адам кіреді. Ал баламен кабинаға мүмкіндігінше кірмегені дұрыс. Жас сәбилерге сайлауда бақылаушы қарауға көмектесе тұрады», - деді Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Данияр Оразымбет.

Биыл сайлауда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін үлкен іс-шаралар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, барлық сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап арнайы бұрыш жасалған. Онда бейімделген форматтағы мониторлы компьютерден сайлау комиссиясының құрамы, сайлау бюллетендерінің үлгілері, кандидаттар, тәртіп ережелерімен т.б. таныса алады. Көзі нашар көретін сайлаушыларға арналған үлкен әріппен жазылған ақпараттық құжаттар, лупалар, қосымша жарықтар, есту қабілеті бұзылғандарға сурдоаудармашылар және зағип-кереңдерге қажетті тифлосурдоаудармашылармен қамтамасыз етіледі.

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап жеке почта ашылды. Оларға компьютер, құлаққап,  лупалар, арнайы Орталық сайлау комиссиясының дискілері берілген. Көзі көрмейтіндер сайлау туралы бүкіл мәліметті ала алады. Бұдан бөлек, инватаксилер бөлінеді. Инватакси жетпегендерге әлеуметтік мекеме жеке адамдармен шартқа отырып, сол адамдарды тасуды қамтамасыз етеді», - деді Д.Оразымбет.

Өңірдегі сайлау комиссиясы өкілінің сөзінше, Түркістан облысында да сайлауға бірінші рет қатысқалы отырған 18 жастағы және ең қария адамдарға барлық сайлау учаскесінде сыйлықтар дайындалған. 

Жалпы облыс бойынша сайлаушылар саны 1 181 946 адамды құрайды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы