Сайлау-2023: Жаңа саяси мәдениет қалыптасады - сарапшы

Астанада «Сайлау-2023: саяси коммуникация, өзара іс-қимыл және жауапкершіліктің өзекті тенденциясы» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиын модераторы Қазақстандық қоғамдық даму институты Сараптамалық талдау басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

Қоғамда жаңа саяси мәдениетті нығайту көзделіп отыр. Саяси мәдениет – саяси көзқарас пен құндылықтар негізінде қалыптасады. Азаматтардың кандидаттармен қатар, идеяға дауыс беріп, құндылықтар төңірегінде топтасқаны маңызды болмақ. Сол құндылықтардың бірі ретінде – саяси плюрализм, әділ бәсеке және азаматтық жауапкершілікті айтар едім. Сол кезде азаматтық бірегейлікті орнатуға, азаматтық қоғам принциптерін нығайтуға біртабан жақындай аламыз, - деді Олжас Бейсенбаев.

Сондай-ақ Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова саяси партиялар - билік пен азаматтық қоғам белсенділерінің арасын байланыстырушы, қоғамның тілегін жеткізушілер екенін айтты. 

Елімізде пікірталас институтын қоғамдық дискурсқа енгізу азаматтар мен билік арасындағы диалогтың іске асуы үшін сәтті байланыс құралы болмақ. Партиялар арасындағы пікірталас көп нәрсені аңғартты. Пікірталас мәдениеті, саяси қарсыласты жеңе алу, оны және электоратты өз пікіріңе сендіре алу сияқты технологиялар бар. Бір айта кетерлігі, жаңа партиялар қарсыластарынан бағдарламасы, саяси мәдениеті және имиджімен ерекшеленеді. Алайда сайлау науқаны күрделі процесс екенін ескерсек, имидж қалыптастыру, бағдарламаны талдап, сараптап даярлау, қоғам қолдауына ие болу тыңғылықты даярлықты қажет етеді, -деді Әсем Қайдарова. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы