Сайлау-2023. Үміткерлердің бүгінгі үгіт-насихат жұмыстары

Respublica партиясының сайлауалды туры жалғасуда. 19 ақпаннан бастап партия өкілдері Алматы, Талдықорған, Қонаев, Тараз, Шымкент, Түркістан қалалары, Сарыөзек, Шиелі ауылдарында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

9 күн ішінде жастармен, еңбек ұжымдарымен, ақсақалдармен, ғылыми қоғамдастықпен және барлық мүдделі азаматтармен жалпы саны 305 кездесу өтті. 

Сайлауалдындағы үгіт-насихат сапарына партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, тең төрағалар Динара Шүкіжанова, Бейбіт Әлібеков, Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Қуаныш Шонбай, Максим Барышев, Нұрлан Қоянбаев, сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысуда. 

Партияның сапары 26 ақпан күні  Қызылорда облысында жалғасып, Шиелі ауылының 100 тұрғынымен кездесу өтті.  Партия мүшелері мен кандидаттар сайлауалды бағдарламасына кеңінен тоқталып, жергілікті тұрғындардың пікірлерін тыңдап, сауалдарына жауап берді. 

Қызылорда облысында өткен екінші күн аса маңызды кездесулер мен оқиғаларға толы болды. Партия мүшелері халықпен ауқымды жиын өткізіп, онда сапалы білім, мәдени мұра, Қазақстандағы ШОБ-ты дамыту және халықты толғандыратын басқа да мәселелер көтерілді. Шараға 500-ден астам азамат қатысты.

27 ақпанда ЖСДП-дан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына партия тізімі бойынша кандидат Наурыз Сайлаубай «Талдықорған кабель зауыты» ЖШС ұжымымен үгіт-насихат кездесуін өткізді.

Іс-шара барысында кандидат партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын баяндады.

Бүгін Алматы қаласында жасылдар партиясының өкілдері, Мәжіліс пен қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер студенттермен бірігіп, экологиялық тәрбиенің маңызы жайында дөңгелек үстел өткізеді.

Партия өкілдері қазақстандықтар арасында өткізген сауалнама нәтижиесінде халықтың тек 47 % ғана қоршаған ортаның мәселелерін түсініп, экологиялық өмір сүру салтына көшу арқылы ғана оны шешуге болатынын түсінетінін анықтаған. 

"Байтақ" партиясының қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға Алматы жастарының жүзге жуық өкілі қатысты. Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Арман Қашқынбеков пен Айнұр Сәбитова сөз сөйледі. Сонымен қатар, кездесуге елордалық мәслихаттың жасылдар партиясынан депутаттығына кандидаттар мен Астана қаласы штабының мүшелері, 18 жастан асқан жастар, студенттер мен қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.

Кездесу барысында халыққа экологиялық білім беру жайында ұсыныстар әзірленіп, байтақтар осы тақырыпта жаңа жоба ұсынатын болады.

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында 26 ақпан күні «Ауыл әлемнің 100 тілінде» тақырыбымен ұлттық диаспоралар көрмесі өтті. Шараға «Ауыл» партиясынан ҚР Парламентінің Мәжілісі депутаттығына кандидаттар Қайрат Айтуғанов, Николай Арсютин, Светлана Прокопьева, София Әбдіразақова, Ахметжан Әскеров, Рабиға Тоқсейітова қатысып, диаспора өкілдерімен кездесті. 

Солтүстік Қазақстан өңірі – қызыл империя кезеңінде депортацияға ұшырап, мәжбүрлі түрде қоныс аударылған сан ұлт өкілдері мейірбан қазақ ұлтынан пана тауып, өсіп-өнген өлке. Сталиндік солақай саясат салдарынан жойылып кету қаупі төнген ұлт өкілдеріне кеңқолтық қазақ төрінен орын беріп, бір тілім нанын бөліп жеді. Сол кезде күштеп қоныстандырылған ұлттардың ұрпақтары бүгінде аталған өңірде  сан еңбек етеді. Олар осы күнге өздерін ажал аузынан алып қалған қазақ халқы, қазақ ауылдары арқасында жеткенін ұмытқан емес. Соның құрметіне және Ауылды қолдау мақсатында «Ауыл әлемнің жүз тілінде» атауымен көрме ұйымдастырды.                                

 Солтүстік Қазақстанның құнарлы топырағынан ырыздығын айырып жүрген диаспоралар өкілдері жер мен ауылдың және ауыл шаруашылығының қамын ойлаушы өздерімен мүдделес партия өкілдерін жылы қабылдап, сөздерін ықыласпен тыңдады. Партия сайлауалды бағдарламасының бағыттарына қызығушылық танытып, қолдау білдірді. Өздерін толғандырып жүрген мәселелелерді де ортаға салып, сұрақтар қойды. Кандидаттарға ұсыныстарын аманаттады.                                

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы