Сайлау-2023: Павлодарлық сарбаздар таңдау жасады

Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына таңсәріден дауыс беруге келгендердің қатарында сарбаздардың қарасы қалың, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Павлодарда Ұлттық Ұланның  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің барлық жеке құрамы таңертең алғашқылардың бірі болып, өз таңдауларын жасады. Жүздеген жас ел болашағы үшін дауыс беруді парыз санайды.

Өз таңдауын бірінші болып 6679  әскери бөлімнің атқыш сарбазы, қатардағы Мақсат Құмарбеков жасады.

Әз Наурыз қарсаңында өткізіп жатқан бұл сайлау еліміз үшін аса маңызды деп ойлаймын. Отандастарымның барлығын сайлауға келуге шақырамын. Себебі, әр дауыс маңызды. Біздің таңдауымызға ел болашағы, еліміздің ертеңі үшін маңызды қадам болмақ. Қатарластарым да бір адамдай келіп, дауыс берді. Ел үшін мәні зор шараларда әрдайым белсенді болуға тырысамыз, - дейді сарбаз Мақсат Құмарбеков.

Саяси науқанға әскери қызметшілер жеке құраммен ғана емес, отбасыларымен түгел келіп жатыр. Әскери бөлім командирінің орынбасары Нұрлан Бәшеновтің айтуынша, бұрынғы тәжірибе көрсеткендей әскери электораттың белсенділі жоғары. 

Ұлттық ұлан құрамындағы сарбаздар, қызметшілерге артылар жауапкершілік зор. Ел тыныштығы мен тұрақтылығына жауаптымыз. Сондықтан Отанымыздың тыныштығы, болашағы үшін маңызды оқиғалардың бел ортасында жүреміз. Бүгінгі сайлау – соның дәлелі, - дейді бөлім командирі. 

Айта кетсек, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бойынша алты дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Ал Павлодар облысы бойынша таңертең 523 сайлау учаскесі ашылды. Олардың 100-ден астамы облыс орталығына тиесілі. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге құқығы бар халықтың саны 500 мыңнан асады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы