Сайлау-2023: Науқанның ерекшелігі қандай?
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сайлаушылар тізімін құру және онымен жұмыс істеу – сайлау процесінің маңызды элементі. Өйткені азаматтар сайлаушылардың осы тізімдері негізінде сайлауға дауыс беруге қатысқан кезде өздерінің Конституциялық құқығын іске асырады. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың толық әрі сапалы тізімін жасау мәселесін, сайлауға дайындық кезінде маңызды талаптардың бірі ретінде қарастырады, - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Сондай-ақ ол науқанның ерекшелігіне тоқталды.
Бұл науқанның ерекшелігі – өкілді органдар депутаттарының сайлауын республиканың бүкіл аумағы бойынша, сонымен бірге аумақтық сайлау округтерінің шегінде бір мезгілде өткізу. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, сайлаушылар тізімін жасау жергілікті атқарушы органдар қызметіне жатады. Сонымен қатар бұл процеске әр азаматтың қатысуы маңызды. ОСК отырысында жүйелі негізде қабылданған шаралар туралы жауапты өкілетті тұлғалардың есептері тыңдалады, - деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.
Еске сала кетейік, 19 наурызда елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.