Сайлау-2022: Қытайда дауыс беру қалай жүріп жатыр?
Бейжің қаласындағы 257 сайлау учаскесі сағат 7.00-де жұмысын бастады. Қытай астанасының уақыты бойынша сағат 9.00-дегі жағдайға сәйкес 10-нан аса қазақстандық келіп дауыс берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бүгін елімізде және шетелдегі дауыс беру учаскелерінде кезектен тыс президент сайлауы басталды.
Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшілігінде №257 сайлау учаскесі Бейжің (ҚХР) уақыты бойынша сағат 7.00-де жұмысын бастады.
№257 сайлау учаскесінде 135 адам тіркелген.
Алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев жарымен бірге дауыс берді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығы жанындағы ҚР тұрақты өкілі, №257 сайлау учаскесінің төрағасы Нұрлан Аққошқаровтың айтуынша, бүгінгі таңда сайлау учаскесінде тіркелген азаматтардың 10%-ға жуығы дауыс беріп үлгерді. Заңнама бойынша сайлау учаскесі таңғы сағат 7-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Бүгін ҚР президентін сайлау жүріп жатыр. Сайлау учаскеміздегі дауыс беру барысы қарқынды жүріп жатыр. Отандастарымыз келіп таңдауларын жасап жатыр. Дауыс берушілердің қатарында Қазақстаннан келген дипломаттар, ұлттық компания өкілдері, халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін қызметкерлер мен Қытайда оқитын студенттер бар. Тізімге енген азаматтар келіп дауыстарын бере алады. Сонымен қатар Қытайға іссапармен келген тағы басқа да отандастарымыз келіп өз таңдауларын жасай алады. Ол азаматтарды да заңнамаға сай тізімге қосамыз. №257 сайлау учаскесінде 135 адам тіркелген, - деп айтты Нұрлан Аққошқаров.
Сонымен қатар Бейжіңдегі сайлау учаскесінде бір байқаушы жұмыс істейді. Ол - ТМД-ның парламентаралық ассамблеясы өкілі.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Астанада халықаралық байқаушылар миссиясын басқарады. Кеше ШЫҰ бас хатшысы ОСК-ның төрағасымен және СІМ басшысымен кездесті, - деп айтты сайлау учаскесінің төрағасы.
Қытайда қазақстандық БАҚ-тан Baq.kz ақпарат агенттігі, Хабар24 арнасы, Қазақпарат және Kazakhstan Today ақпарат агенттіктерінің өкілдері жұмыс істеп, ақпарат таратып жатыр.
Еске сала кетейік, Қазақстаннан сырт жерлерде 68 сайлау учаскесі жұмыс істейді.