Сайлау-2021: Сайлау учаскелері дайын ба

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың қаңтарында өтетін Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауға орай еліміздің 14 облысында және республикалық маңызы бар Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында 10 мыңнан астам, сонымен қатар әлемнің 51 мемлекетінде 66 сайлау учаскесі ашылатын болады. 

Жалпы, Қазақстанның сайлауға қатысты заңнамасына сәйкес, 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, бас бостандығынан айыру орындарында отырмайтын азаматтар сайлау кезінде дауыс беруге құқылы. Ол үшін сайлаушылар тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы орган жасайтын тізімде болуы тиіс. Нақты бір сайлау учаскесінде азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның осы сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі негіз болып саналады. Сонымен қатар азаматтар тұрғылықты жері бойынша сайлаушылар тізімінде өзінің бар не жоқ екендігін де алдын ала анықтауына мүмкіндігі бар. Уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізіміне қосылу үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш беруі тиіс. 

Ал 10 желтоқсанға дейін тіркеу болмаған жағдайда да азаматтар дауыс беруге арналған учаскені таңдау туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш жасауға құқылы. 

Жоғарыда аталған 10 мыңнан астам учаскенің ішінде демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде, шалғайдағы және қатынасуы қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын жерлерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерінде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына тиесілі және сайлау күні жүзуде жүрген кемелерде, әскери бөлімдерде құрылған 558 учаске де бар. Мұндай учаскелер бойынша сайлаушылардың тізімдері дауыс беруге 5 күн қалғанда жасалады және дауыс беруге 1 күн қалғанда нақтылануы тиіс. Ал әлемнің 51 елінде құрылатын 66 сайлау учаскесінде шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзімді шетелдік іссапарда жүрген және республика азаматының жарамды паспорты бар барлық азаматтар дауыс бере алады. 

ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, шет мемлекеттерге жеке шақырумен, жұмыс, іскерлік, туристік сапармен барған Қазақстан азаматтары жарамды төлқұжатымен сайлау комиссиясына жүгінген кезде сайлаушылар тізіміне қосылатын болады. 

Тізім аталған өкілдіктердің басшылары ұсынған мәліметтер негізінде түзіледі. дауыс беру күнінің алдындағы жағдайға сәйкес, тізім міндетті түрде нақтылауға жатады. Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы аумағынан тысқары жерде орналасқан сайлау комиссияларына шетелде жүрген азаматтарды тізімге қосу жұмысына көмек көрсетуі тиіс, - деген еді ол. 

Айта кетерлігі, алдағы сайлау науқанына дайындық аясында еліміздің Орталық сайлау комиссиясы маусым айында барлық сайлау учаскесіне түгендеу жүргізген болатын. Нәтижесінде сайлау учаскелерінің 95,6 пайызы (9606) бірінші қабаттарда орналасқаны, 83,6 пайызында (8113) ғимаратқа кіре берісте пандустар бар екендігі анықталды. 372 сайлау учаскесінде немесе 4 пайызында арбамен жүретін мүгедектер үшін арнайы лифттер бар. 

2018 жылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына алғаш рет мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған нормалар енгізілді. 2019 жылдың қаңтарында сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру кезінде қоғамдық бірлестіктердің ұсынысы бойынша 455 мүмкіндігі шектеулі азамат комиссия мүшелері болып сайланды. Оның ішінде 6 адам облыстық, 12 адам – қалалық және аудандық, 432 адам учаскелік сайлау комиссияларының құрамына енді. Бұл ретте сайлау комиссиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдауы тиіс. Яғни, жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларына осы бағыттағы жұмысқа жәрдемдесуге міндетті. Сондай-ақ, дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлаушылардың кедергісіз қол жеткізуі және ондағы дауыс беруі үшін жағдайлар қамтамасыз етілуі қажет. 

Сайлау учаскесінде тактильді көрсеткіштер, мониторы бар компьютерлер, сондай-ақ зағиптар, нашар көретіндер және нашар еститіндер үшін арнайы құлаққаптар, үстелі бар жасырын дауыс беруге арналған кабина, яғни қосымша жарықтандыруы, трафареттері, оптикалық түзету құралдары және басқа да құралдар болу керек, - деген еді таяуда Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев. 

Естеріңізге сала кетейік, алдағы саяси науқанда «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік» («Адал») саяси партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның Коммунистік халық партиясы және «Nur Otan» партиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатыса алады. 

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы