Сайлау-2021: Партиялар науқан барысында атқарған жұмысын қорытындылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін сайлауалды үгіт-насихат науқанының соңғы күні болғанымен, сайлауға қатысып жатқан «Ақ жол», «Ауыл», ADAL, Nur Otan, ҚХП партияларының белсенділігі төмендемеген. Партиялардың кейбірі атқарған жұмысын қорытындыласа, кейбірі автошеру, әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфир өткізіп, әлі де халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға тырысуда.

Мәселен «Ақ жолмен» бірге жарқын жолмен!» автошеруі еліміздің барлық қалаcында өтті. Мұндай креативті әрі ерекше науқанды «Ақ жолдың» республикалық штабы дәстүрлі түрде үгіт-насихат науқанының соңғы күнінде ұйымдастырады.

Бүгін Қазақстанның барлық өңіріндегі «Ақ жол» партиясының кеңселерінен жалаулар мен демпартияның үгіт атрибуттарымен безендірілген ақ автокөліктер легі бір мезгілде жолға шықты.


Көліктердің түсінің ақ болуы кездейсоқтық емес, ол «Ақ жол» демократиялық партиясының атауы - жарқын жолмен сәйкес келеді. Ақ түс тазалықты, таңдалған жолдың ашықтығын білдіреді.

Автокөліктердің бағыттары қазақстандық қалалардың барлық орталық көшесін, көпірін, жолайырығын және даңғылын қамтыды. 

Сонымен қатар сайлауға қатысатын «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Алматы облысындағы «Байсерке-Агро» ЖШС-гі базасында «Ауыл  – ел ырзығының иесі!» акциясымен өзінің сайлауалды науқанын аяқтады. Іс-шараға партия төрағасы Әли Бектаев пен қоса басқа да партия мүшелері қатысты.

Сондай-ақ «Ауыл» төрағасы партия жұмысын қорытындылады. Ол бір ай ішінде барлық өңірде ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілгенін атап өтті. Алғашқы күннен бастап республикалық және облыстық БАҚ-та жариялаумен 200-ден астам іс-шара өткізілді. Бекітілген медиа-жоспарға сәйкес өңірлерде партия өкілдерінің қатысуымен тиісті деңгейде 300-ден астам іс-шара өткізілді. 6 мыңнан астам іс-шара партия мүшелерінің қатысуымен республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып ұйымдастырылды. Оған «Ауыл» партиясы мүшелерінің кәсіпорындар ұжымдарымен кездесулері, кеңестер, дөңгелек үстелдер, флэшмобтар кірді. 20 желтоқсаннан бастап «Ауылдан Ауылға» республикалық акциясы басталды. Оның мақсаты ең шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесу болды. Осы уақыт ішінде партия мүшелері 2145 ауылға барды.

«Байсерке Агро» ЖШС базасында партияның соңғы кездесуі өтті. Акция аясында партия мүшелері шаруашылықпен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесумен қатар, арнайы көрмені тамашалады. 


«Ауыл» даусы естілуі тиіс» үндеуін қолдау мақсатында іс-шара Арқабай кентінің аумағынан әуе шарын ұшырумен аяқталды. 

Қазақстандағы парламенттік сайлау тарихында тұңғыш рет бүгін депутаттыққа үміткерлердің 12 сағаттық тікелей эфирі жүргізілуде. ADAL  партиясы сайлау алдындағы жарыстың соңғы үгіт күнін осылай өткізеді.

ADAL партиясының Instagram мен Facebook-тегі ресми парақшаларында, сондай-ақ Youtube-каналында үзіліссіз тікелей эфир 8 қаңтарда сағат 12.00-ден 23.59-ға дейін ұйымдастырылды. Осылайша тікелей эфир БАҚ пен Интернетте кез келген үгіт материалдарын жариялауға тыйым салынған «тыныштық күні» деп аталатын күн басталуға бір минут қалғанда аяқталады.

Тікелей эфирді партия өкілдері Мақсат Толықбай, Дәулет Мұқаев, Олжас Ордабаев, Алмасбек Садырбаев, Лаура Маликова, Ақмарал Бекмұрзаева, Алина Асқарова, Нұрлыбек Мұқанов, Ануар Керембаев жүргізеді.


Мақсат Толықбайдың айтуынша, ADAL партиясы мүшелері бір айға жуық уақытта елдің 22 қаласы мен 163 ауылдық аймағында 4918 кездесуді қамтыды. Кездесулерге 138856 азамат қатысты. 

Оның сөзінше, ел тұрғындары түрлі сұрақтар қойып, түрлі өтініштер жасайды. Біреу жалақының аздығына, тұрғын үйдің жоқтығына, ауызсуға және жұмыссыздыққа шағымданады. Ал біреу білім беруді, денсаулық сақтауды жақсарту туралы айтады. Қалалар мен ауылдарда орналасқан 3000 қорапқа кездесулердің нәтижелері бойынша 177 мыңнан астам өтініштер келіп түсті. 69 мыңнан астам өтініш adalpartiyasy.kz сайтына түсті. 

Бұдан бөлек Нұр-Сұлтанда Қазақстан Халық партиясының көшбасшысы Айқын Қоңыров ҚХП Орталық штабының қорытынды кеңесінде баяндама жасады. Үгіт-насихат науқанының аяқталуына байланысты партия мүшелері оның қорытындысын жариялады. 

Республикалық штабтың жетекшісі Олжас Сыздықов есеп беру баяндамасында саяси науқан кезінде 500-ден астам түрлі іс-шара өткізілгенін, 1 миллионға жуық үгіт материалы таратылғанын, ҚХП мүшелері 150-ден астам елдімекенде болып, түрлі алаңдардағы 23 пікірсайысқа қатысқанын жеткізді.

Партия төрағасы ҚХП қарапайым азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыру үшін сайлауға қатысып отырғанын еске салды.


Ол науқан барысында партия мүшелері Қазақстанда ақша-кредит саясатын өзгерту қажеттігіне назар аударғанын атап өтті. Айтуларынша, бірінші кезекте еркін айналымдағы теңге бағамынан бас тарту керек.

Партия көшбасшылары БАҚ өкілдеріне партияның алдағы жоспарлары туралы да айтып берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы