Сайлау-2021. Коронавируспен ауырып жатқандар қалай дауыс береді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 20 қазанында ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын өткізу туралы жарлық шығарған болатын. Осыған орай бүгін елімізде ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау басталды. Еліміздің әр түкпіріндегі сайлау учаскелері жұмысын таңғы сағат 07:00-ден бастады және дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Ал 2020 жылы елді сарсаңға салған коронавирус дертіне шалдыққандар қайтпек? Оларға жағдай жасалған ба? Сайлау учаскесіне жоғары температурамен келсе, дауыс беру қалай жүргізіледі?

Еліміздің бас санитарлық мемлекеттік дәрігері Ерлан Қиясов 2020 жылдың 29 желтоқсанында ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының сайлауында дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу кезінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі шаралар туралы қаулы қабылдаған болатын. Қаулыға сәйкес коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі алгоритм бекітілді.

Ең алдымен, облыстардың, Нұр-Cұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейінгі кезеңде тәуекелі жоғары және орташа аймақтарда («қызыл» және «сары» аймақтарда) болатын өңірлерде сайлау комиссияларының мүшелерін, сенім білдірілген адамдарды, байқаушыларды ПТР әдісімен COVID-19-ға тестілеуді ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету, елді мекендер бөлінісінде ПТР-тестілеуге жататын адамдардың тізімін жасап, «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы», «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалдарына және ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне ұсыну, ПТР-тестілеуге жататын адамдарды ақпараттандыру және хабардар етуді қамтамасыз ету, олардың сақтандырылу мәртебесін алу тапсырылды. Сонымен қатар, ПТР-тестілеуге тартылған зертханалардың тізбесін айқындап, нақты зертханаға бекітіп бере отырып, зерттеп-қарау кестесін жасау және оны аумақтық сайлау комиссияларының, сенім білдірілген адамдардың, байқаушылардың назарына жеткізу ұсынылды.

Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс дауыс беру кезінде сайлау комиссиясының мүшесі сайлаушылардан денсаулық жағдайы бойынша немесе отбасының науқас мүшесіне күтім жасау себебімен келген жері бойынша дауыс беру туралы өтінішті қабылдай отырып, үйде емделуіне немесе КВИ бойынша карантинде болуына байланысты өзін-өзі оқшаулау режимі нұсқамасының болуы туралы ақпаратты нақтылауы, санитариялық қауіпсіздік шараларының сақталуын ескере отырып, дауыс беру рәсімін түсіндіруі тиіс.

Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді ұйымдастыру үшін сайлау комиссиясының мүшелері жеке қорғаныш құралдарымен (бір рет қолданылатын халаттар, қорғаныш маскалары, бір рет қолданылатын қолғаптар, қолға арналған антисептикалық құралдар) қамтамасыз етіледі. Сайлаушыларға қажет болған жағдайда жеке қорғаныш құралдары (бір рет қолданылатын қорғаныш маскасы, қолғап, қалам) беріледі. Сайлаушының жеке басын куәландыратын құжат сайлау комиссиясының мүшесіне онда көрсетілген мәліметтерді қарауға мүмкіндік беретін қашықтықтан көру үшін ұсынылады. Бұл ретте сайлаушыға жеке басын растау үшін масканы уақытша шеше тұруға рұқсат бар.

Сонымен қатар, қаулыда КВИ бойынша карантинде болуына байланысты азаматқа дауыс беруге жағдай жасалатыны жазылған.

Үйде емделуіне немесе коронавирусқа қатысты карантинде болуына байланысты өзін-өзі оқшаулау режиміндегі сайлаушыларға дауыс беру пәтерге кірмей ұйымдастырылуы тиіс. Мұндай дауыс беруді байланыссыз тәсілмен, мысалы, саты алаңында (үй маңындағы аумақта) дауыс беруге қатысушыға дауыс беруге арналған бюллетеньді және үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтінішті беру, содан кейін одан өтінішті алу және бюллетеньді тасымалданатын жәшікке салу арқылы өткіуге болады, - делінген қаулыда.

Алайда дауыс беруге арналған бюллетеньді алғанға дейін дауыс беруге қатысушы маска тағып, қолын антисептикпен өңдеуі тиіс. Сондай-ақ, жоғарыда көрсетілген әрекеттерден кейін учаскелік комиссия мүшелері міндетті түрде қолдарын, тасымалданатын жәшіктің беттерін дезинфекциялауы керек. Жеке қорғаныш құралдарын қайта пайдалануға болмайды, көрсетілген жеке қорғаныш құралдары тығыз жабылатын контейнерге немесе одан әрі кәдеге жарату үшін бакқа салынуы тиіс.

Сайлау учаскесі. Температура 37ºС-тан жоғары. Әрекет қандай?

КВИ ауруының симптомдары бар азаматтарды анықтау үшін температураны байланыссыз термометрлер арқылы өлшеу үшін медицина қызметкерлері немесе еріктілер кезекшілігі ұйымдастырылады. Сайлау процесіне қатысушыларда дене температурасының жоғарылауы (37ºС-тан жоғары) және КВИ ауруының өзге де симптомдары анықталған жағдайда олар медицина қызметкерінің қарап-тексеруі не жедел жәрдем бригадасының келуін күту үшін сайлау учаскесіндегі жеке үй-жайға оқшауланады. Сайлаушы дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде көзделген үй-жайда дауыс беруге құқылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңының 41-бабының 6-тармағында белгіленген тәртіппен жиналуына жол бермей, сайлау процесіне қатысушылардың легін реттеуді, сайлау процесіне қатысушылар арасында 1,5-2 метр қашықтықты сақтауды, дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып, үй-жайға ылғалды тазалау жүргізуді қамтамасыз етеді. Бұл ретте есіктің тұтқаларын, ұстағыштарды, таяныштарды дезинфекциялауға ерекше назар аударылады.

Дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау процесіне қатысушылардың барлығы сайлау комиссиясының санитариялық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жөніндегі талаптары мен нұсқауларын мұқият сақтайды.

Сонымен қатар, сайлау учаскесінде дене температурасы жоғары және КВИ ауруының өзге де симптомдары бар, сондай-ақ өзін-өзі оқшаулау, карантин немесе қатаң оқшаулау жағдайында жүрген комиссия мүшелерінің және сайлау процесінің басқа да қатысушыларының болуына жол берілмейді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы