Сайлау учаскелеріндегі жағдай тұрақты - ІІМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Сайлауда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы» өткен онлайн брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров айтты.
Бүгін - еліміз үшін маңызды күн. Бұл науқанды өткізуге және алдын ала дайындық шараларын ұйымдастыруға байланысты ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген түріне ауыстырылды. Бүгінде еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті 40 мыңға жуық ішкі істер органдарының қызметкері қамтамасыз етуде. Оқиғаларға, оның ішінде дауыс беру орындарында болуы мүмкін құқық бұзушылықтарға жедел ден қою үшін қосымша жедел тергеу топтары құрылды. Оардың құрамында прокуратура қызметкерлері де бар, - деді ол.
Арыстанғани Заппаров брифинг барысында сайлау учаскелеріндегі жағдайға тоқталды.
Бюллетендер апарылмай тұрып, барлық сайлау учаскелері қауіпсіздік тұрғысынан тексеруден өтті. Полицейлердің бақылауымен бюллетендердің барлығы учаскелерге еш кедергісіз жеткізілді. Айта кету керек, Сайлау туралы заңның 39-бабына сәйкес, полиция қызметкерлерінің сайлау процесіне араласуына, сондай-ақ, дауыс беруге арналған ғимараттардың ішінде болуына құқы жоқ. Олар тек комиссия төрағасы шақырған жағдайда ғана тәртіпсіздіктің жолын кесу үшін сайлау учаскесінің ішіне кіре алады. Жалпы еліміздегі және сайлау учаскелеріндегі жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ. Жағдай ішкі істер органдарының ұдайы бақылауында, - деді ол.