Саяжайлардың пайдасын қашан көреміз?
Кезінде қала сыртындағы саяжайлар көкшетаулықтарды көкөніс, бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ететін. Ұзақ жылдан бері иесіз жатқан мыңдаған саяжайлар өткір мәселеге айналды, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бау-бақша шаруашылығының төрағасы Петр Кузьменко саяжайларды дамыту мәселесі бойынша қоғам белсенділеріне жүгінді. Ол бау-бақша өсірушілер он жылдан бері өз мәселелерін шеше алмай отырғанын алға тартты.
Бүгінгі таңда Көкшетау қаласының айналасында орналасқан 23 666 учаскенің ішінде Зеренді күре жолы бағытында – 19 мың учаске, Красный яр трассасы бойында 3 мыңға жуық және Еленовка тас жолы бойында 260-тан астам учаске орналасқан. Теміржол бағытындағы саяжай учаскелерінде ешқандай проблема жоқ, жарық, суару жүйесі бар, сорғы станциясы жұмыс істейді. Ең проблемалы саяжайлар Зеренді тас жолының оң жақ қапталы мен Красный яр бағытында, 23 мың саяжайдың 15 мыңға жуығы қараусыз қалған учаскелер, 20 жылдан бері өңделмеген жерлер де бар, – дейді Петр Кузьменко.
Ол сондай-ақ қала іргесіндегі ұзақ жылдардан бері қаңырап бос тұрған, жолы ойдым-ойдым, жарық-сусыз, тоз-тозы шыққан саяжайларды иеліктен шығару күрделі мәселе айналғанын атап өтті. Көбінің құжаты жоқ, жер телімдері заңды түрде рәсімделмеген.
Тексеру барысында қараусыз саяжайлардың 90%-ы иесіз екенін анықтадық. Көбінің иелері өмірде жоқ, кейбіреулер көшіп кеткен. Нақты мәліметтер базасы болмағандықтан, қала тұрғындары бос учаскелерді сатып ала алмайды. Мұқият түгендеу жүргізіліп, иеліктен шығару процедурасын жеңілдетуге болады. Жер қатынастары және ТКШ бөлімі бұл мәселемен айналысып отырған жоқ. Заң нормаларында егер жер учаскесі 2 жылдан астам уақыт бойы өңделмеген болса, ол мемлекет иелігіне қайтарылатыны жазылған. Ол үшін алдымен саяжай иесінің мекен-жайын тауып, оған жер телімінің иеліктен шығарылатыны туралы хабарлау керек. Содан кейін жер телімі бір жыл бойы иесіз тұру керек. Жер қатынастары бөлімі құжаттарды сотқа береді, ал сот шешімімен учаске мемлекет меншігіне өтеді. Содан кейін ғана саяжай учаскесін басқаға сатуға болады, – деп нақтылады бау-бақша шаруашылығының төрағасы.
Ол осы мәселені шешу бойынша ұсыныстарын алға тартты.
Мемлекеттік органдар жер телімдерін түгендеп, саяжай учаскелерінің дерекқорын ретке келтіретін мамандар жетіспейтіндіктен, мәселені шешу бірнеше жылға созылатынын айтады. Мәселені облыс әкімдігінің бір ғана қаулысымен-ақ шешуге болар еді. Құжаттары жоқ адамдар сот арқылы өздерінің меншік құқығын дәлелдесін. Саяжайларын тастап, жарна төлемегендер енді учаскелерге иелік еткісі келеді. Мұны қалай түсінуге болады? Ал жарнаны уақтылы төлеп, саяжайларға қамқорлық жасайтындардың жайын кім ойлайды? Біздің кооперативтерімізде саяжайлардың 40-50%-ы қараусыз қалған, соның кесірінен жарна да өсуде. Жыл сайын бір маусымда 30-40 мың теңгеден төлеуге тиіспіз. Ол қаражат қызмет көрсетуші персоналдың жалақысын төлеуге, су құбыры мен электр желілерін жөндеуге, күзет үшін ақы төлеуге, қаңғыбас иттерді атуға, қоқыс шығаруға жұмсалады. Жыл сайын әкімдік, жергілікті атқарушы органдардың табалдырығын тоздырумен келеміз, бірақ жағдай жақсармай отыр. Шенеуніктер тек құрғақ уәде берумен шектеледі, – дейді Петр Кузьменко.
Сондай-ақ, ол көкөнісі қат Көкшетау сияқты өңірде саяжайлардың экономикалық тұрғыдан пайдалы тұстарын атады.
Егер иесіз саяжайлар сатылса, қала тұрғындары онда тәртіп орнатады. Шамамен 30-40 мың қала тұрғыны өздерін көкөніс, жеміс-жидекпен қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын көбейтеді. Оның үстіне бұл – қаражат табу мүмкіндігі ғой. Өңірде ағаш көшеттері мен тұқым, шаруашылық және құрылыс тауарларын, тыңайтқыштар сату артады, – деді бау-бақша шаруашылығының төрағасы.
Оның айтуынша, саяжайлар аумағының жолын жөндеп, қосымша автобустар шығарып, электр желілерін жөндеу қажет.
Электр таратушы желілер иесіз. Біз үлкен шығынға ұшырадық, трансформаторлар дұрыс жұмыс істемейді, оларға жауап беретін ұйым жоқ. Әкімдік электр желілерін ТКШ бөлімі немесе электр тарататын мекемелер балансына бекітіп, электр бағандары мен трансформаторларға қызмет көрсетуге конкурс өткізілуі тиіс. Сондай-ақ бау-бақша серіктестіктерінің үлгілік нормалары қайта қаралуы қажет. Біз өз ұсыныстарымызды мәжіліске жібердік, – деп түсіндірді Петр Кузьменко.
Облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Біржан Абдрахманов бұл саладағы проблемалар еліміздің барлық өңірінде бар екенін атап өтті.
Иесіз желілерді біз осы қызмет түрімен айналысатын кәсіпорын балансына бере алмаймыз. Бұған заң нормалары мүмкіндік бермейді. Біз электрмен жабдықтау схемасын дайындаймыз. Электр желілеріне мониторинг жүргізіп, коммуналдық меншікке түсуін қарастырамыз, – деп түсіндірді сарапшы.
ТКШ, жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары жағдайға түсініктеме берді.
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы Заңға сәйкес энергия тиімділігі жөніндегі талаптар жеке тұрғын үйлерге, сондай-ақ саяжай және бақша учаскелеріндегі құрылыстарға қолданылмайды. Қазіргі уақытта ТКШ бөлімінде бау-бақша серіктестіктерінің электр желілерін өз балансына қабылдау мүмкіндігі жоқ. Саяжай қауымдастықтарындағы электр желілері-бұл серіктестік мүшелерінің меншігі, тариф трансформаторлар мен кабель желілерінің шығындарын жабуға арналған қаражатты ескере отырып, нақты шығындар негізінде белгіленеді, – деп жауап берді бөлім мамандары.
Сондай-ақ, кәсіпкерлерге саяжайлардан жер беру туралы ұсыныс айтылды.
Сол аумақта кәсіп ашып, таңқурай өсіретін питомник ашуға тамаша мүмкіндік. Айталық, көкшетаулықтар жаз бойы Қырғызстаннан әкелінген жеміс-жидектерді сатып алып жүргені жасырын емес Бұл облыс орталығының тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын құруға және жалпы өңір азаматтарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді қоғам белсендісі Ерік Жоламанов.
Әзірге қоғамдық кеңес мүшелері саяжайларды дамыту мәселелерін шешу мақсатында сараптамалық топ құруды ұсынып отыр.