Саяжайларда өртке қарсы алдын алу шаралары күшейтілді

Ертіс өңірінде саяжай аумақтарында өрттерді алдын алу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Өткен жылы азаматтардың абайсыздығынан саяжай шаруашылықтарында 74 өрт тіркелген. Қызыл жалын салдарынан 600-ден астам учаскеге зақым келді. Олардың 200-ге жуығы қолданыстағы саяжай үйлері болған. Тілсіз жау 180 гектарлық аумақты шарпыды. Өкінішке қарай, өрт кезінде бір адам көз жұмды.

Облыстық ТЖД-нің басқарма бастығы Оразбек Уәлихановтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін саяжай аумақтарында 11 дерек тіркелген. Жалпы ауданы 10 гектардан асады.

Осы уақытқа дейін облыс аумағында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша төрт әкімшілік іс қозғалды. 138 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Саяжайларда оқыс оқиғаларды алдын алу үшін өрт сөндіру машиналарын сумен қамту үшін қосымша құрылғылар орнатылуда. Павлодар қаласында 12 гидрант қойылды. Бүгінгі күнге дейін 18 рейдті шара өткізіліп, 700-ден астам адамға нұсқаулық берілді. 700-ге жуық учаске тексерілді. Учаске иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - дейді Оразбек Уәлиханов.

Мамандардың айтуынша, саяжайларда өрттің шығуына қоқыстар мен құрғаған шөпті жағу кезінде қауіпсіздігін сақтамау себеп. Әсіресе, иесіз қалған саяжайлар жиі өртенеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: egemen.kz
Өзгелердің жаңалығы